Алматыда Дженнифер Лопес өнер көрсететін сахнаны 200 адам дайындап жатыр

Жарияланды 9 Тамыз 2025 15:00

Айгерім Таубай

Айгерім Таубай

General News бөлімінің тілшісі a.taubay@kursiv.media
Лопес 10 тамызда Алматыға келеді/фото: қала әкімдігі

Алматыда Дженнифер Лопес өнер көрсететін сахнаны 220 кәсіби маманнан құралған команда дайындап жатыр.

Айта кетейік, Лопес 10 тамызда Алматыда концерт өткізеді. Қала әкімдігінің хабарлауынша, алаңда халықаралық стандарттарға сай ауқымды сахна орнатылып жатыр.

«Қойылымның әр элементі секунд сайын есептеліп, мінсіз жұмыс істеуі үшін әр елден жиналған білікті мамандардың үйлесімді еңбегімен іске асып жатыр. «Қайрат» ФК ойыны аяқталған бойда стадионға қазақстандық прокат компанияларының жабдықтары тиелген бес жүк көлігі кірді. Бар-жоғы үш күн ішінде, тәулік бойы жұмыс істей отырып, 220-дан астам техникалық маман еңбек етіп жатыр», – делінген ақпаратта.

Алаңда халықаралық стандарттарға сай ауқымды сахна орнатылып жатыр/фото: Алматы қаласы әкімдігі

Ұйымдастырушылар қала қызметтерімен бірлесе отырып, қауіпсіздік пен логистиканың негізгі қырларын пысықтап жатыр.

Концерт күні стадион аймақтарға нақты бөлінеді: фан-аймақ, лаунж-аймақ, фуд-корт, VIP және медиа аймақ.

«Қауіпсіздік пен жайлылықты қамтамасыз ету үшін медициналық бригадалар, төтенше жағдай қызметкерлері және өрт сөндіру топтары кезекшілік атқарады. Кіру қақпаларына металлдетекторлар мен қол сканерлері бар 26 бақылау-өткізу пункті орнатылады», – делінген ақпаратта.

Концерт билеттері толық сатылған/фото: Алматы қаласы әкімдігі

Айта кетейік, концерт билеттері толық сатылған.

«Билеттерді АҚШ пен Жапониядан бастап, БАӘ мен Канадаға дейінгі 35-тен астам елдің көрермендері және мыңдаған қазақстандық сатып алды. Мұндай халықаралық қызығушылық концертті туризм мен креативті экономиканың қуатты драйверіне айналдырып, Алматының аймақтың мәдени астанасы ретіндегі мәртебесін нығайтады», – дейді First Media Group директоры Әльфия Нұрғұмарова.

Айта кетейік, Дженнифер Лопес 1 тамызда Астанада концерт берді.

Сондай-ақ оқыңыз