
Қазақстанда жүрек-қан тамырлары аурулары бар адамдардың жартысына жуығы гипертония дертіне шалдыққан. Артериялық қысымның жоғары болуы инфаркт, инсульт, созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі және басқа да бірқатар ауруға әкелуі мүмкін. Гипертония деген не, оны қалай анықтайды және ол туралы не білу керек екенін материалдан оқыңыз.
Қан қысымының жоғары болуы қалай анықталады?
Артериялық қысым үнемі немесе жиі жоғары болатын жағдайды гипертония немесе артериялық гипертензия деп атайды. Бұл еш себепсіз болуы мүмкін, оны гипертониялық ауру немесе эссенциалды гипертония дейді. Бұл дертке шалдығу қаупі жас ұлғайған сайын артады. Сондай-ақ артық салмағы бар, дұрыс тамақтанбайтын, аз қимылдайтын, аз ұйықтайтын, күйзеліске жиі түсетін адамдарда жиі кездеседі.
Қан қысымының жоғары болуы кейде басқа аурудан да пайда болады. Мысалы, бүйрек ауруларының немесе кей эндокриндік өзгерістердің бір белгісі болуы мүмкін. Бұл қайталама гипертония (вторичкая гипертония) деп аталады. Негізгі ауру жойылса, артериялық қысым да қалпына келуі мүмкін. Алайда бұл түрі жиі кездеспейді, барлық гипертония ауруының шамамен 10%-ын ғана құрайды.
Еуропалық кардиологтар қоғамының (ESC) ұсынымы бойынша, қалыпты артериялық қысым 120/70 миллиметр сынап бағанасына дейінгі көрсеткіштер.
Қан қысымының жасы мен адамның жынысына қатысы жоқ. Қарт адамдарда қан қысымы жоғары болуы керек деген қате түсінік бар.
Гипертония несімен қауіпті?
Гипертониялық ауру уақыт өте келе бірнеше маңызды ағзаның жұмысына зиян келтіреді. Мұндай ағзалар «нысан-ағзалар» (органы-мишени) деп аталады, олар: жүрек және қан тамырлары, ми, бүйрек, көз. Бұл ауру инсульт, инфаркт, миға қан құйылу, созылмалы жүрек және бүйрек жеткіліксіздігі сияқты жағдайлардың басты қауіп факторларының бірі саналады. Сол себепті ол бүкіл әлемде өлім-жітімнің негізгі себебі болып отыр.
Гипертонияны қалай анықтауға болады?
Гипертониялық аурудың әдетте белгілері болмайды, ағза қан қысымының жоғары болғанына үйреніп кетеді. Яғни, көп жағдайда адамның басы ауырмайды және олар ештеңе сезбейді. Алайда гипертониялық криз болған жағдайда адам жүрек айну мен әлсіздікті, бас ауруын және кеудедегі ауырсынуды, ентігуді сезіп, басы айналады. Сондай-ақ көру мен сөйлеу қабілеті бұзылып, мұрнынан қан кетуі мүмкін. Мұндай жағдайда жедел жәрдем шақыру қажет.
Гипертония белгілері жоқ адамдар не істеуі қажет деген сұрақ туындады. Еуропалық кардиологиялық қоғам (ESC) ол үшін артериялық қысымды тұрақты түрде өлшеуді ұсынады:
- 40 жасқа дейінгі адамдар әр 3 жыл сайын;
- 40 жастан асқан адамдар және жүрек-қан тамыр ауруларының қаупі жоғары адамдар жыл сайын тексерілгені жөн.
Мысалы, артық салмағы бар немесе холестерин деңгейі жоғары адамдар осы топқа жатады. Кей деректерге сәйкес, қан қысымы жоғары адамдарға әр алты ай сайын өлшету ұсынылады.
Айта кеткен жөн, Қазақстанда гипертонияны анықтау үшін 30 бен 70 жас аралығындағы адамдарға әр 2 жыл сайын скринингтен өту ұсынылады.
Гипертония қалай емделеді және дәрі қабылдауда нені білу қажет?
Артериялық қысымы қалыпты нормадан жоғары адамдарға дәрігер ең алдымен өмір салтын өзгертуге кеңес береді. Кейде бұл жеткілікті болуы мүмкін. Мәселен, қысым сәл ғана жоғарылап, әлі гипертония деңгейіне жетпесе және жүрек аурулары, семіздік, қант диабеті немесе бүйрек аурулары сияқты қосымша қауіп факторлары болмаса жеткілікті саналады.
Ал қалған жағдайда өмір салтын өзгертумен қатар арнайы дәрі-дәрмек береді. Бұл препараттарды тек қысым көтерілген кезде ғана емес, тұрақты түрде қабылдау маңызды. Әйтпесе асқыну қаупі басым болады.
Қан қысымын төмендететін дәрінің түрі көп, олар түрлі топқа жатады. Кей адамға бір ғана дәрі жеткілікті болса, енді біріне екі-үш түрлі препарат қажет болуы мүмкін.
Әдетте дәрігерлер мына 5 негізгі дәріні таңдайды:
- каптоприл, эналаприл.
- валсартан, кандесартан.
- атенолол, пропранолол.
- нифедипин, амлодипин, верапамил.
- фуросемид, спиронолактон.
Айта кетейік, гипертонияға қарсы дәрілерді тек дәрігер ғана тағайындай алады. Дәрі жазатын кезде маман науқастың жасын, қысым деңгейін, созылмалы аурулары бар-жоғын және басқа да факторларды ескереді.
Өмір салтын қалай өзгерту керек?
Ең алдымен тамақтануды өзгерткен жөн. Гипертониясы бар адамдарға арналған негізгі тамақтану принциптері мынадай:
Тұзды (натрийді) шектеу. Күніне 1500 мг натрийден аспауы керек, бұл шамамен ⅔ шай қасық тұзға тең.
Клетчатканы (талшықты) көп тұтыну қажет. Күніне кемінде 20-35 грамм. Ол көкөністерде, жемістерде, бұршақ тұқымдастарда және дәнді-дақылдарда кездеседі.
Ас мәзіріне балық қосу, аптасына кемінде 2-3 рет балық жеу ұсынылады.
Калий жеткілікті болсын. Калий минералы жетпесе, қысым көтерілуі мүмкін. Калий көкөністер мен жемістерде болады.
Кофеинді шамадан тыс қолданбау. Әдетте адам күніне 2 кесе шамасында кофе ішсе, ағза оған үйреніп, қысым өзгермейді. Бірақ кофеин мөлшері артып кетсе, тіпті үйренген адамдарда да қысым көтерілуі мүмкін.

Одан кейін физикалық белсенділік тұр. Гипертониясы бар адамдар үшін дене белсенділігі өте маңызды, өйткені ол артериялық қысымды төмендете алады. Жаттығудың «мінсіз жоспары» жоқ, себебі әр адамның жағдайы мен басқа да факторлар ескерілуге тиіс.
Жалпы ұсыныс:
аптасына кемінде 5 күн, күніне 30 минуттай жаттығу жасау;
немесе аптасына 3 рет 30 минуттан аса физикалық қозғалыс.
Өзгерістердің тағы бір бөлігі – зиянды әдеттерден бас тарту. Темекі мен алкогольден бас тарту жүрек-қантамыр жүйесіне пайдалы болады. Көп адам спирт ішімдігі қан тамырларын тазартады деп ойлайды, бірақ бұл қате түсінік.
Керісінше, ішімдікті көп тұтыну гипертонияның дамуына, атеросклерозға және басқа да денсаулық мәселелеріне әкелуі мүмкін.
Стреспен күрес. Медитация, дұрыс тыныс алу, тыныс алу жаттығуларын жасау артериялық қысымды сәл де болса төмендетуге көмектеседі.