Ресей Путин мен Трамптың Аляскадағы кездесуінің мән-жайын жариялады

АҚШ әкімшілігі Ресей мен АҚШ президенттері Владимир Путин мен Дональд Трамптың кездесетінін ресми түрде растады. Саммит 15 тамызда Аляскада өтеді деп жоспарланған. Бұл туралы РФ президентінің көмекшісі Юрий Ушаков мәлімдеді.
Ушаковтың айтуынша, кездесу орны ретінде Алясканы таңдау географиялық жағынан орынды шешім, өйткені Беринг бұғазы арқылы екі ел бір-біріне жақын орналасқан. Ресей делегациясы Аляскаға жылдам жете алады, бұл ұйымдастыруды жеңілдетеді.
Сонымен қатар Аляска мен Арктика өңірінде Мәскеу мен Вашингтонның экономикалық мүддесі тоғысады. Ушаков бірлесіп жүзеге асыруға болатын ауқымды жобалардың өзара тиімді болатынын атап өтті.
Келіссөзде Украинамен арадағы жағдай талқыланады. Мемлекет басшылары бейбітшілікке қол жеткізу мүмкіндіктеріне назар аударады.
«Келесі кездесу Ресей аумағында өтуі мүмкін, Трампқа шақыру жіберілді. Жақын күндері тараптар саммиттің практикалық және саяси қырларын талқылау үшін консультациялар жүргізеді», – дейді ол.
Ушаков бұл процестің күрделі болатынын айтты. Сөзінше, Мәскеу бұған дайын.