Алматы облысында жоғалған тікұшақта болған әскеридің мәйіті табылды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Тікұшақ ішінде болған әскеридің мәйіті табылды/ фото: қорғаныс министрлігі

Алматы облысында жоғалған әскери тікұшақта болғандардың бірінің мәйіті табылды. Бұл туралы қорғаныс министрлігі хабарлады.

Ведомство мәліметіне сәйкес, Қарулы күштерінің әскери қызметшілері шамамен 14 метр тереңдікте әуе кемесінің ішінара сынықтары мен бір адамның мәйітін анықтады.

«Қорғаныс министрлігі, ТЖМ, ІІМ және басқа да ведомстволардың бірлескен жұмысы аясында, «Қазақстан Ғарыш Сапары» акционерлік қоғамының қолдауымен спутниктік деректерді пайдалана отырып, математикалық есептеулер жүргізілді. Бұл тікұшақтың ықтимал орналасқан аумағын анықтауға мүмкіндік берді», – делінген ақпаратта.

Аталған ауданға жедел түрде іздеу топтары мен арнайы техника жөнелтілді. Су астындағы жұмыстар барысында әуе кемесінің ішінара сынықтары мен бір адамның мәйітін анықтады. Қазір сәйкестендіру процедурасы жүргізіліп жатыр.

Іздеу жұмыстары су астындағы көрінудің нашарлығы мен лайлы тұнбалардың болуына байланысты күрделене түскен, бұл сүңгуірлер мен инженерлік бөлімшелердің жұмысын айтарлықтай баяулатады.

Айта кетейік, EC-145 әскери тікұшағы 2025 жылғы 25 шілдеде Луговойдан ұшып шығып, радардан жоғалып кетті. Оның бортында экипаждың үш мүшесі болған. 

Сондай-ақ оқыңыз