Кісі қолынан қаза тапқан әйелдердің 76%-ы сталкинг құрбаны – заңгер

Жарияланды
Кісі қолынан қаза тапқан әйелдердің 76%-ы сталкинг құрбаны – Заңгер

1 ай бұрын елімізде сталкинг үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілген еді. Қазақстандағы жаңа заң нәтижелі ме? Jibek Joly арнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасына қонақ болған халықаралық заңгер тарқатып айтты.

«Сталкинг — бұл адамды қорқытатын, қайталанатын, жүйелі түрде жасалатын белгілі бір әрекеттер. Оған адамның артынан аңду, онымен байланыс орнатуға тырысу, еркінен тыс сыйлық беру, әлеуметтік желілер мен телефон арқылы тоқтаусыз хабарламалар жіберу, киберсталкерлік жасау жатады. Сталкинг тек психологиялық қысыммен шектелмейді. Ол адамның мүлкіне зақым келтіру, жеке деректерін, фото-видеоларын таратамын деп қорқыту секілді әрекеттерді де қамтиды. Жаман сөздерді граффити секілді жазып кету де — сталкингтің бір түрі. Ер мен әйелдің бірін-бірі аңдуы, телефонын тексеруі — киберсталкингке жатады. Жай ғана құпия сөзін біліп, телефонын қараумен қоймай, кей адамдар арнайы қосымшалар орнатып, навигатор арқылы бақылап отырады. Бұл да сталкингтің бір түрі», — дейді Аяжан Ойрат.

Студия қонағы заңдағы жаңа баптың жазасы тым жеңіл деген пікірде.

«Қазақстанда сталкинг әрекеттері үшін Қылмыстық кодекске жаңа 115-бап енгізілді. Бұл бап бойынша 200 АЕК көлемінде айыппұл салу немесе 50 тәулікке дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Дегенмен, бұл өте жеңіл жаза. Өкінішке қарай, мұндай жаза сталкинг қылмысының алдын алуға көмектесе алмайды», — деді ол.

Шет мемлекеттерде сталкингке әлдеқайда қатаң қарайды. Мысалы, Ирландияда мұндай қылмыс үшін 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Еуроодақ елдерінің барлығында дерлік сталкингке қатысты қылмыстық жазасы 5–7 жылға дейін түрмеге қамауды көздейді. 

Аяжан Ойрат кісі қолынан қаза тапқан әйелдердің 76 пайызы сталкингке ұшырағанын жеткізді. 

«Сталкинг жасайтын адамдар өздерін сталкер деп есептемейді. Мысалы, қылмыскерлер адам ұрлап немесе өлтіргенін мойындай алады, бірақ сталкерлер өз әрекетін «мен жай ғана хабарластым» деп ақтауы мүмкін. Ал олар бес минуттың ішінде 99 рет хабарласады. Олар сталкерлік әрекеттің шекарасын ажырата алмайды», — дейді студия қонағы.

Өкінішке қарай, сталкингке ұшыраған адам жағдай туралы дәлелдерді өзі ұсынуы керек.

«Адамның сталкингке ұшырағанын дәлелдеу өте қиын. Егер бір зат ұрланса, полиция келіп, тергеу жүргізіп, дәлел жинайды. Ал сталкинг жағдайында дәлелді жәбірленушінің өзі жинауы керек. Сталкерлердің өзіндік «профильдері» болады. Ең қауіпті сталкерлер — бұрын ажырасқан, романтикалық қарым-қатынаста болған адамдар. Статистика бойынша сталкерлердің 82 пайызы — ер адамдар. Ал сталкингке ұшырағандардың 78 пайызы — әйелдер», — дейді Аяжан Ойрат.

Халықаралық заңгер жаңа баптар аясында халыққа түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізу керек деген пікір білдірді.

Сондай-ақ оқыңыз