Қазақстанда концерт берген не жабық кештерге қатысқан әлем жұлдыздарына шолу

Жарияланды 9 Тамыз 2025 12:08

Торғын Қабен

Торғын Қабен

Қазақстанға келген әлем жұлдыздары/ Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстанға әлем жұлдыздары негізі аз келеді деуге келмейді. Әлбетте, Backstreet Boys немесе JLo секілді ауқымды концерт беремін деген жоспармен келгендер көп емес. Десе де, жабық сауық кештерінде төбе көрсеткендер көп деп айта аламыз. Уитни Хьюстоннан бастап еліміздің сахнасында Akon, 50 Cent сынды хитмендер ән салған. Бүгінгі материалымызда Қазақстанға келген поп-жұлдыздарға шолу жасаймыз.

2008. Уитни Хьюстон Назарбаевтың туған күніне һәм Астана күніне орай келген

Қазақстан сахнасында ән салған алғашқы нағыз поп-жұлдыз деп сенімді түрде айтуға болатын бірден-бір әнші — Уитни Хьюстон. Астана күні дүркіреп тойланатын кездері Уитни елордаға келген еді. Ұзын көйлектің сыртынан тон киіп ән салғаны бас қала тұрғындарының әлі есінде болар. Бэк-вокалистермен өнер көрсеткен әнші кешті қыздырып, фанаттарына ғажап даусымен ән арнаған. I Will Always Love You деген хитін көпшілікпен бірігіп айтты.

Бір кезде Мэрилин Монро стилінде «Happy Birthday, Mr. President» деп ән салды. Дәл сол уақытта трибунада экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев пен жұбайы Сара Назарбаева тамашалап отырған. Олардың қасында сол кезде Астана әкімі болған Иманғали Тасмағамбетов те отырды. Араға төрт жыл салып Уитни Хьюстон өмірден өтті. Десе де, сонау 2008 жылғы келген кезі қазақстандықтардың есінде мәңгі қалады.

2010–2012 жылдар. Жабық кештерге келгендер

Осы жылдар аралығында туған күн, жабық сауық кештеріне голливуд жұлдыздары көп келді. Ол туралы ресми ақпарат тарамаса да, ұзынқұлақтан біліп қалғанбыз.

  • Дженнифер Лопес жабық кешке екі рет қатысқан. Біріншісінде Әлия Назарбаеваның туған күніне келсе, екінші рет 2011 жылы Астанада жаңа жыл кешіне келген. Бірінші келгенде 1,5 млн доллар алса, екіншісінде гонорары екі есе өскен деседі.
  • Бритни Спирс те экс-президенттің қызының туған күнінде арнайы келіп ән салған. Оның гонорары 1 млн доллар болыпты-мыс.
  • Beyonce Қазақстанға келіп, жаңа жылдық сауық кешінде ән салған. Оның да гонорары Лопеспен шамалас — 3 млн доллар.
  • Katy Perry де жаңа жылға орай ұйымдастырылған кешке қатысқан. Оны Қазақстанға бірнеше рет шақырған екен. Бірақ бір рет қана келген кезі белгілі. Шақырған тарап Перридің әнін тыңдау үшін 2 млн доллар төлеген.
  • Adele Астанаға екі рет келген екен. Екіншісінде жаңа жылдық кешке қатысқан. Гонорары шамамен 1 млн доллар болған. 
  • Enrique IglesiasҚазақстандағы жабық кештерге жиі келетін әншілердің бірі. Оның гонорары 2 млн долларға жуық.

Әншілерді елге шақырғанда жеке ұшақпен тасып, бес жұлдызды қонақүйге орналастырады. Барлық жағдайын жасайды. Олардың райдері бойынша шарттар сақталады. Оған қоса, жабық кеш болғандықтан құпиялық сақталады. Ресми ақпараттың аз болатын себебі де осында.

2015. Қазақстанға PSY мен Дима Билан келген

Gangnam Style деген абсолют хитімен танылған оңтүстіккореялық әнші PSY Алматыдағы Балуан Шолақ сарайында концерт берген. Сол кеште ресейлік Дима Билан да өнер көрсеткен.  Спортшы Ильян Ильин осы концертке барып, PSY-мен сурет салғаны есімізде. Тіпті оған шапан жауып, қазақы қонақжайлық көрсеткен. 

2023. Камбэкке толы жыл

Black Eyed Peas – қазақша Pump It

Аты аңызға айналған топ Алматыдағы Медеуде өткен «Азия Дауысы-2023» фестивалі аясында жеке концертін берген. Олар Elevation атты әлемдік турының шеңберінде бізге де келіп кеткен. Сол кеште топ жаңа құраммен өнер көрсеткен. Бұрынғыдай Ферги емес, сол концертте J. Rey Soul ән салған. Ең есте қалғаны олардың хит әні Pump It-ті қазақстандық орындаушылар домбыра, қобыз, скрипкаға салып орындап берген еді. Will.i.am сол сәтті телефонына түсіріп алған болса, Taboo бос тұрмай, бірден билеп кеткен.

50 Cent – соңы шуға айналған концерт

Атақты 50 Cent 2023 жылы күзде өзінің The Final Lap Tour турнесінің аясында Алматыға келген. Almaty Arena-да өткен концертті фанаттары асыға күткен. 2000 жылдардағы хиттер орындалып, емін-еркін би де болды. Бәрі керемет өтті деп мәз болғанымызда, соңында рэпер Instagram парақшасына пост салып, былай «бүлдірген» еді: «Алматы, Қазақстан, керемет болды! «Борат» фильмі болмаса, не туралы айтып тұрғанымды түсінбес едіңіздер»,– деді. Әрине, қазақстандықтарға Борат туралы айтса, жақпай қалатыны анық. Сол постың астына дереу мыңдаған ашулы коммент жазылды.

Akon де келген

2000-жылдардың хитмендерінің бірі Akon Алматы мен Астанаға келіп концерт берген. Фанаттарымен қосылып Lonely мен Smack That әндерін шырқаған. Екі қалада да әншіні керемет күтіп алып, домбыра сыйлап, аса құрмет көрсетілген еді.

2024. Джаред Лето Қазақстанда тұрғысы келеді екен

Былтыр Алматыда 30 Seconds To Mars тобының концерті өтті. Бұл кеш те көпшіліктің есінде жылы сақталып қалатын болса керек. Джаред Лето сахнаға Қазақстанның туымен шығып, фанаттарын қасына шақырып алып бірге ән салған. «Кейде бір жаққа барғанда құдды өз үйіңде жүргендей боласың. Қазақстаннан шағын бір үй алып қоятын кез келді ме екен?!» деп жазған еді әнші парақшасына.

Николь Шерзингер Алматыда ән салды

2024 жылы мамырда Николь Шерзингер мен T.I.  Almaty Arena сахнасында ән салды. Көпшіліктің сүйіп тыңдайтын Jai Ho!, Hush Hush, Stickwitu сынды әндері шырқалды. Концерттің тағы бір есте салған сәті — мүгедектігі бар жігіттің Никольға махаббатқа толы лебіз арнағаны. Арбада отырған жігіттің тізесіне жайғасқан Шерзингер қосыла ән шырқады. Алматының әсем көріністерін көрсетіп, әнші «Кеткім келмей жатыр. Сондай рух беретін жер» деп тамсанған еді. Николь бұған дейін 2014 жылы Қайрат Боранбаевтың туған күнінің құрметіне жабық кешке қатысып, ән салған.  

2025. Джей Ло эффектісі

Осы жылдың ең айтулы оқиғаларының бірі деп Дженнифер Лопестің концертін айтуға болады. 1 тамызда «Астана Аренада» әншінің концертті өтті. Дүркіреп өткен кештің қызуы әлі басылар емес. Көпшілік Джей Лоның мүсініне, еңбекқорлығына тәнті болып, үлгі алып жатыр. Енді бір тарап оның ашық образдарына қарсылық та білдірді. Арасында жанжал да болды. Бірақ әлем жұлдызының концертінде мұндай оқиғалардың болатыны — заңдылық. Енді 10 тамызда Джей Ло Алматыда концерт береді. Ұйымдастырушылар бірнеше күн бұрын аңдатпа ретінде «Қазір Шакирамен келіссөз жүргізіп жатырмыз» деп фанаттарын «құлағын көтеріп қойды».  

Еске сала кетсек, бұған дейін Дженнифер Лопестің концертіне киіп баратын образды қалай таңдауға болатыны туралы материал жариялағанбыз.

Сондай-ақ оқыңыз