Алматыда Абай Ұлттық мектебінің жаңа ғимараты аяқталуға жақын

Алматыда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен басталған алғашқы ұлттық мектептің жаңа ғимаратының құрылысы аяқталуға жақын. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев хабарлады.
Министрдің айтуынша, бұрынғы Абай атындағы республикалық мамандандырылған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын мектеп-интернаты бүгінде «Абай Ұлттық мектебі» атауымен қайта жаңғыртылды.
Бұл білім ордасының тарихы өткен ғасырдың 1950-жылдарынан бастау алады. Жетпіс жыл ішінде талай өнер, қоғам және мемлекет қайраткерлерін тәрбиелеген мектеп қазақ мәдениеті мен білімінің іргелі орталықтарының біріне айналған.
Абайдың есімі – Қазақстанның халықаралық деңгейдегі зияткерлік бренді. Жаңа Абaй Ұлттық мектебі заманауи инфрақұрылымға ғана емес, сонымен қатар инновациялық білім беру бағдарламаларына негізделмек. Мұнда тәрбиенің озық әдістері мен сыныптан тыс жұмыстардың үлгілері әзірленіп, сынақтан өтеді.
Білім ордасы болашақта ұлттық құндылықтар мен заманауи білімді ұштастыра отырып, жаңа буын көшбасшыларын қалыптастыруды мақсат етеді.
Қазіргі таңда елімізде 200-ге жуық мектеп Абай есімімен аталады, ал Түркияда екі білім мекемесі ұлы ойшылдың атын иеленген. Болашақта Абай Ұлттық мектебі осы білім ордаларының әдістемелік және ғылыми үйлестіруші орталығына айналады деп жоспарланып отыр.
Еске сала кетейік, 10 тамыз күні елімізде Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы аталып өтті.