Қаңғыбас иттің өлімі Алматыдағы демалыс орнына зиянын тигізе ме

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
собака
иттің өлімі Алматыдағы демалыс орнына зиянын тигізе ме / фото: ЖИ

Әлеуметтік желіде Алматы маңындағы Farm House ойын-сауық кешенінде болған иттің өлімі қызу талқыланып жатыр. Пайдаланушылар демалыс орнына бойкот жариялауға шақырып, жануардың өліміне кінәлілерді жазалауды талап етіп отыр.

Зооқорғаушылар полицияға үндеу жасап, жануардың азаппен қаза болу дерегін тергеуді сұрады.

Оқиғаға байланысты демалыс орнының әкімшілігі ресми мәлімдеме жасады.

Farm House басшылығының айтуынша, бірнеше күн бұрын олардың аумағына қаңғыбас ит келген. 5 тамыз күні қонақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында итті уақытша байлап қойған. Сол сәтте қызметкерлер оны арнайы мекемеге тапсыру мәселесін шешіп жатқан. Алайда жануардың белсенді қимылы күтпеген асфиксияға (тұншығуға) әкелген.

«Бұл – жануарға қасақана зиян келтіру емес, өкінішті кездейсоқ оқиға. Біз бұл үшін жауапкершіліктен қашпаймыз және алдын ала алмай қалғанымызға шын жүректен кешірім сұраймыз», – делінген мәлімдемеде.

Демалыс орнының әкімшілігі келесі шараларды қабылдағанын хабарлады:

  • қаңғыбас жануарлармен жұмыс істеудің нақты хаттамасы жасалды;
  • өлген иттің құрметіне Алматыдағы бір зооқорғау ұйымына қолдау көрсетіледі.

Әкімшілік зооқорғаушылармен және осы жағдайға бейжай қарамаған жандармен ашық байланыс орнатуға дайын екенін мәлімдеді.

Алайда әлеуметтік желі қолданушылары арасында наразылық толастамай тұр. Көпшілік кінәлілерді қатаң жазалауды және мұндай оқиғаның қайталанбауын талап етуде.

Сондай-ақ оқыңыз