Тоқаев Ильхам Әлиевті тарихи бейбіт келісіммен құттықтады

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Дональд Трамптың белсенді әрі тиімді араласуымен Вашингтонда Әзербайжан мен Армения арасындағы қақтығысты бейбіт жолмен реттеу жөніндегі тарихи декларацияға қол қойылуымен Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевті құттықтады. Бұл туралы Аөорда хабарлады.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл құжаттың халықаралық құқық қағидаттары мен БҰҰ Жарғысына сәйкес жасалғанын және ол Әзербайжан мен Арменияның стратегиялық мүдделеріне толықтай сай келетінін атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл келісім Кавказ өңірінде халықаралық ынтымақтастықтың жан-жақты дамуына жол ашпақ. Қазақстан Әзербайжанның стратегиялық серіктесі ретінде көптен күткен бейбітшіліктің орнауын шын жүректен қолдайды.
Сонымен бірге Қасым-Жомарт Тоқаев Астананың алдағы уақытта келіссөздер өткізуге арналған алаң ұсынуға дайын екенін растады. Ильхам Әлиевтің көшбасшылығымен Әзербайжанның халықаралық аренадағы абырой-беделі арта түскенін ерекше атап өтті.
Мемлекеттер басшылары жоғары деңгейдегі байланысты әрі қарай жалғастыруға уағдаласты.
Өз кезегінде Ильхам Әлиев Қазақстан Президентінің құттықтауына ризашылығын білдіріп, ұзақ жылдар бойы нәтижесіз жалғасқан келіссөздерден кейін осындай тарихи келісімге қол жеткізудің маңызы зор екенін айтты. Сондай-ақ, Әзербайжан басшысы өз елінің Қазақстанмен жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.