Жаңалықтар

Украина тарапының бастамасымен Тоқаев пен Зеленский телефон арқылы сөйлесті

Тоқаев пен Зеленский телефон арқылы сөйлесті / фото: Ақорда

Украина тарапының бастамасымен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Украина Президенті Владимир Зеленский телефон арқылы сөйлесті. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Әңгіме барысында Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ халқының украин халқына, оның тарихына, мәдениетіне және тіліне ерекше құрметпен қарайтынын атап өтті. Мемлекет басшысы Қазақстанның Украинада халықаралық құқық қағидаттары негізінде бейбітшілік орнауына сөзсіз мүдделі екенін жеткізді.

Президент Астананың әуел бастан әділдік негізінде бейбітшілік формуласын бірлесе іздеуді жақтағанын, БҰҰ Жарғысын, мемлекеттердің егемендігі мен аумақтық тұтастығына қолсұқпаушылық қағидатын сақтау туралы жүйелі ұстанымын еске салды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, қазіргі өте күрделі жағдайда Украина мемлекеттілігін сақтау мен қорғауды қамтамасыз ете отырып, қақтығысты байыпты түрде шешу маңызды. Ол тараптар «Жанжалдан, жаман болса да бітім артық» деген көне даналыққа сай әрекет етуге тиіс екенін айтты.

Қазақстан Президенті территориялық мәселелердің халықаралық қатынастардағы ең қиын түйткіл екенін, бейбіт келісімге келу жолында үлкен кедергілер туындайтынын түсінетінін жеткізді. Дегенмен, қазіргі басты міндет — Украина елінің мемлекеттілігін сақтау және қауіпсіздігіне халықаралық кепілдік беру.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Украинамен өзара мүддеге сай келетін түрлі салада белсенді ынтымақтастық құруға ниетті екенін атап өтті.

Еске сала кетейік, бұған дейін Тоқаевқа Ресей басшысы Владимир Путин де қоңырау шалған еді.