SCAT әуе компаниясы Алматыдан Минскіге тікелей рейстерді іске қосты

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
коллаж: kursiv.media

10 тамыз күні таңғы сағат 5:30-да Алматыдан Беларусь астанасы Минскіге алғашқы тікелей рейс ұшты. Оны қазақстандық SCAT әуе компаниясы жүзеге асырды.

Енді ұшақтар аптасына екі рет – сәрсенбі және жексенбі күндері қатынайды. Ұшу уақыты шамамен 5 сағат 30 минутты құрайды.

Билеттердің ең төменгі бағасы 179,4 мың теңгеден басталады. Бұл тарифке 5 кг дейінгі қол жүгін алып өту кіреді. Ал 23 кг-ға дейінгі багаж үшін қосымша шамамен 10 мың теңге төлеу қажет.

Бұған дейін Алматыдан Минскіге тек Астана немесе Ташкент арқылы қосымша аялдамамен ұшуға болатын. Астанадан Минсіге тікелей рейстерді Belavia әуе компаниясы аптасына үш рет – бейсенбі, жұма және жексенбі күндері орындайды. Олардың билеттері 134 мың теңгеден басталады.

SCAT биыл халықаралық бағыттарын кеңейтіп келеді. Шілде айының басында компания Шымкенттен Қытайдың Үрімші қаласына тікелей рейстер ашты. Ал мамыр айының соңында Каир, Шанхай және Сеул бағыттары іске қосылған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз