Түркістанда көрші келіншекті азаптап өлтірген адам 20 жылға сотталды

Түркістан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты жантүршігерлік оқиға бойынша үкім шығарды. Көрші келіншекті заптап өлтіріп, денесін ауласына көміп тастаған Ералхан Төреханов 20 жылға сотталды. Сотталушы үкіммен келіспейді.
Сот үкімі
Сот 27 жастағы Ералхан Төрехановты Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабы және «Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» бабымен кінәлі деп танылды. «Адам өлтіру» бабымен 15 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы, «Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» бабымен 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айырып, жазаларды қосу арқылы түпкілікті 20 жылға бас бостандығынан айырды.
Сот жаза тағайындау кезінде оның бұрын сотты болғаны, қылмыс жасауды қайталағаны ескерілгенін атап өтті.
«Төрехановтың жазасы қылмыстық атқару жүйесінің қаупсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтеу белгіленсін. Оған қолданылған бұлтартпау шарасы өзгеріссіз қалдырылсын», – деді судья.
Судья марқұмның анасы Мейрамгүл Бердіәлиеваның азаматтық талап-арызын ішінара қанағаттандырып, оған саотталушыдан 10 млн теңге көлемінде моральдық залал өндірді. Сотталушыға моральдық залалды 1 ай ішінде төлеу міндеттелді.
Сотта анықталған жайт
Судья Дәурен Мадалиевтің үкімді түсіндіру кезінде айтуынша, қылмыстық істі зерделеу барысында жәбірленушінің мәйіті сотталушының үйінен табылған. Мәйітті қылмыс жасалған үйде көміп тастаған. Екіншіден, сотталушы жасаған қылмысын мойындап, қалай жасағанын көрсеткен. Қалай өлтіргенін, немен өлтіргені дәлелденді. Сот медициналық-криминалистикалық сараптама қорытындысына сәйкес, жіппен қылқындырғаны дәлелденді.
Оқиға 28 қаңтар күні болған. Сотталушы 9 ақпанға дейін қашып жүрген. Полиция ұстағанда айыбын мойындаған.
«Соттың мұндай жаза тағайындау себебі ол бұдан бұрын аса ауыр қылмыстармен сотталған. Қылмыстық қауіпті қайталануы іс-әрекетінде бар болған. Қылмысты салқынқандықпен жасаған», – деді судья.
2004 жылы Мақтаарал аудандық соты Төрехановты қылмыстық жауаптылықтан босатып, стационарлық-психиатриялық ауруханаға еріксіз емдеуге жіберген. 2013 жылы ауыр қылмыс жасағаны үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылған.
Оқиға қалай болды?
28 қаңтар күні Түркістан облысы Жетісай ауданы Алғабас ауылында 38 жастағы Әйгерім Әжекееваның денесі ауылдасының ауласынан көмілген күйінде табылды. Марқұмның туыстары Әйгерімді ауылдасы ұрып-соғып, азаптап зорлап қорлықпен өлтірген деген еді.
Сотта жәбірленуші деп танылған марқұмның анасы Мейрамгүл Бердіәлиева қызының денесін көргенде бір сәт абдырап қалған. Оның сөзінше, қызының сау тамтығы қалмаған.
«Сол жағы көкпеңбек, қанталап кеткен. Құлағының артынан қан шығып тұрды. Тілін мал өлгендей тістеп қалған, қан ағып жатыр. Басы ісіп кеткен. Оң қолында пышақтың іздері бар. Ішім удай ашиды, өлуге айналдым осы күні. Бүйрегі, арқасы да көкпеңбек болып кеткен. Аяқтың ізі бар», – деген еді ол.
Бердіәлиеваның сөзінше, қызы марқұм Әйгерім Әжекеева ауылда сауда жасаған. Ол қайғылы оқиға болатын күні таңда үйінен шығып кеткен күйі қайта оралмаған. Ізім-ғайым жоқ болған әйелді туыстары мен ауылдастары тура екі апта іздеген. Марқұмның қансыраған жалаңаш денесі көрші көшедегі ауылдасының ауласынан табылған.
Күдікті Әйгерім Әжекееваның денесін көміп, көмген жерін шөппен жауып үстінен ат байлаған. Туыстары марқұм ширақ, мінезі жүйрік, бауырларына қамқор болғанын айтады. Зорлық-зомбылыққа шыдамай бірінші күйеуінен ажырасып, мүгедек әке-шешесіне бағып-қағып отырған. Соңғы уақытта көкпар ойыны кезінде сауда жасап, ақша тауып жүрген.