Дипломатияда ресми марапаттар құнсызданып, естелік құжат табыстау сәнге айналған ба?

Жарияланды
Дипломатияда естелік құжаттар табыстау сәнге айналған ба?/Коллаж: Kursiv.media, бильд-редактор: Милош Муратовский

Халықаралық қатынастарда екі ел арасын жақындатып, ынтымақтастақты нығайтуға елеулі үлес қосқан қайраткерлерге жоғары мемлекеттік марапаттар беру – бұрыннан бар дипломатиялық дәстүр. Кейінгі кезде осы бір ескі салттан өзгеше жаңа бір жоралғының пайда болғанын байқауға болады. Бұрынғыдай орден емес, қабыл алушы тарапқа ерекше ықылас таныту белгісі ретінде оның жеке басына, өмірбаянына, туған-туысқандарына қатысы бар құжат түпнұсқалары не көшірмелері тарту етілетін болған.

Дәстүрлі амалдар

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен аптада Түркияға жасаған ресми сапарының ең бір айтулы оқиғасы – оған Түркия Республикасының ең жоғарғы мемлекеттік марапаты – Devlet Nişanı орденінің табысталуы болды.

Осыған орай Анкарада өткен салтанатты жиында Тоқаев түрік орденін алу зор мәртебе екенін айтып, Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанға және барша түрік халқына шынайы алғысын жеткізді.

«Мен отандық немесе шетелдік орден және басқа да марапаттарды қабылдаудан бас тарттым. Алайда бүгінгі Сіздің шешіміңіздің мән-маңызы ерекше деуге болады. Бұл – қазақ-түрік ынтымақтастығы жылнамасындағы мағынасы терең тарихи оқиға. Сіз осы шешіміңізбен бабаларымыздың аманатына берік екеніңізді тағы бір мәрте көрсеттіңіз. Бізге асыл мирас болып қалған баға жетпес мұрамыз – достық пен бауырластық байланыстарды бекемдей түстіңіз. …Сондай-ақ бұл – қазақ-түрік стратегиялық ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға деген өзара ұмтылыстың айғағы», – деді мемлекет басшысы.

Айта кетерлігі, Ердоған да кезінде, Түркия премьер-министрі болып тұрған шақта (2012 ж.), Қазақстанның ең жоғарғы мемлекеттік марапаты – «Алтын Қыран» орденін алған.

Ал Түркияның Devlet Nişanı («Мемлекеттік орден») марапатына бұрын ие болған мемлекет қайраткерлері қатарында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев (2024 ж.), Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев (2013 ж.) және АҚШ-тың бұрынғы басшысы Билл Клинтон (1999) бар.

Осы сияқты марапаттарды табыстау әлі де кең тараған дипломатиялық құрал. Ешбір мемлекет бұл практикадан бас тартпаған. Мұндай амалдар ресми сипатқа ие әрі барынша сән-салтанатты түрде жүзеге асырылады.

«Естелік құжаттар дипломатиясы»

Дәстүрді бұзбай, әдеп сақтап орден табыстаудан гөрі серіктес, достас ел басшысына айрықша ықылас танытудың біз бертінде куә болып жүрген бір жаңа мысалы – қабыл алушы тарапқа тікелей қатысы бар ескі, табыстаушы ел архивінен табылған куәландырушы құжат данасын беру («куәлік немесе естелік құжат дипломатиясы» деген атауы да осыдан, ағыл. «certificate diplomacy»).

Мұндай жағдайда ресми ізет білдіру амалына емес, көбіне екі ел басшыларының қарым-қатынасын жақсартып, өзара түсіністігі пен ниеттестігін бекемдей түсу мақсатына, қос тарапқа ортақ тарихи жайттардың барын айғақтауға басымдық беріледі.

Дипломатияның осы бір ерекше түрінің жарқын мысалы – үстіміздегі жылдың 9-шы мамырында Мәскеуде Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай ұйымдастырылған іс-шарада көрініс тапты. Ресей басшысы Владимир Путиннің Қасым-Жомарт Тоқаевқа әкесі Кемел Тоқаевтың совет әскері қатарында соғысқа қатысқан шағында алған марапат қағазын табыстауы.

Ресейдің Қорғаныс министрлігі архивінен табылған. Рамкаға салынған сол құжатта гвардия сержанты Кемел Тоқаевтың 1945 жылы Польша аумағындағы ұрыстарда көрсеткен ерлігі үшін ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапттауға лайық екені жазылған.

Куәландырушы құжат табыстап, ел аузына іліккен тағы бір мемлекет қайраткері – Германия канцлері Фридрих Мерц. Маусымның 5-сі күні Ақ үйде АҚШ президенті Дональд Трамппен алғаш кездесіп танысқан Мерц Америка президентіне атасының туу туралы куәлігінің көшірмесін сыйға тартқан.

Алтын жалатылған үлкен рамкаға салынған сол құжатта Трамптың атасы Фридрих Трамптың (немісше Трумп) 1869 жылы Германияның Кальштадт қаласында дүниеге келгені жазылған. Фридрих Трумп 16 алты жасында АҚШ-қа қоныс аударған.

Тартуды қабыл алған Дональд Трамп: «Рас, нағыз неміс десеңші! Бұл бір керемет сыйлық болды, ырзамын. Ғажап. Мұны көрікті жерге іліп қоямыз», – деген.

Мерцтің Трамптың атасымен аттас екені де жақсы сәйкестік болып шықты. Германия канцлерінің бұл сыйлығын АҚШ басшысымен екеуара сенімді, достық ниеттегі қарым-қатынас орнатуға талпыныс деп топшылауға болады.

Кейбір бұқаралық ақпарат құралдары, мысалы Der Spiegel басылымы, Трамптың сол сыйлыққа аса қуана қоймағанын, ол иммигранттар ұрпағы екенін көп еске сала бергенді жақтырмаса керек дегенді алға тартады.

Мерцтің АҚШ басшысына «Сіздің кім, қай атаның баласы екеніңізді білеміз» дегендей тұжырымға да жетелуі мүмкін бұл қадамын айтарлықтай бір дипломатиялық жетістік деп бағалауға болмаса да, екі ел жетекшілерінің алғашқы жүздесуінің жанжалмен аяқталмағанының өзі – ауыз толтырып айтарлықтай жайт емес пе.

Сондай-ақ оқыңыз