Эколог Каспийде итбалықтар неден қырылып жатқанын айтты

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Итбалық неден қырылып жатыр/фото: shutterstock

Каспийдегі итбалықтардың нақты саны бойынша әлі күнге дейін ақпарат жоқ. Бұл туралы Маңғыстау облысы бойынша өңірлік экологиялық кеңестің төрағасы, ECOJER қауымдастығының өкілі Әділбек Қозыбақов айтты.

«Каспийдегі итбалықтардың саны бойынша әлі күнге дейін нақты ақпарат жоқ. Ғалымдар мен институттар әртүрлі айтады – 75 мыңнан 300 мыңға дейін итбалық бар дейді. 20 ғасырдың басында 1 миллионға жуық итбалық болғаны айтылады. 2000-жылдардан бастап жаппай қырылғаны тіркеліп келеді. Маңғыстау облысы бойынша 2 мың итбалық қырылды. Бұл бір айдағы көрсеткіш», – дейді ол.

Айтуынша, итбалықтардың қырылуына теңіздегі мұнай өндіру, судың ластануы сияқты факторлар әсер етеді. Қоршаған орта ластанып, итбалықтың иммунитеті әлсірейді, содан олар ауруға тез шалдығады.

Қозыбақовтың айтуынша, жыл сайын Маңғыстау облысында балықшылардың да саны азайып келеді. Себебі балық азайған.

«Соның салдарынан балықшылар өздеріне бөлінген квотаны толық игере алмайды, бұл кәсіппен айналысып, пайда таппай жатыр. Көпшілігі мамандығын тастап, таксист болып кетіп жатыр, не болмаса басқа бір кәсіпке ауысып жатыр», – дейді ол.

Бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрлігінің Балық ресурстарын қорғау және балық аулауды реттеу басқармасы жануарлар ағзасынан қауіпті жұқпалы аурулар да анықталмағанын хабарлады. Басқарма итбалықтар өлімінің түпкілікті себебі барлық ғылыми ұйымдардың деректерін жинақтап, кешенді талдау жүргізген соң белгілі болады деп жауап берген.

Сондай-ақ оқыңыз