Каспий деңгейі 26 см төмендеді: 2050 жылға болжам қандай?

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Каспий деңгейі төмендеп жатыр/фото: proaktau.com

Елімізде Каспий теңізін сақтап қалу үшін ашылған ғылыми-зерттеу институты жұмысын бастайды. Мекеменің негізгі міндеті – экожүйе жағдайын бақылау, теңіздің құрғау себептерін зерттеу және Каспийді қалпына келтіру жолдарын іздеу.

Бір жылда 26 см төмендеді

Экология министрлігінің экологиялық мәдениет және саясат департаменті директоры Дәулет Есмағамбетовтің айтуынша, 2024 жылы 2023 жылмен салыстырғанда Каспийдің Қазақстан бөлігіндегі теңіз деңгейі 26 сантиметрге төмендеді. Бұл Каспийдің солтүстік-шығыс бөлігінде қатты байқалады.

«Синоптиктердің мәліметі бойынша, Каспий аймағы Қазақстан мен әлем бойынша орташа көрсеткіштен әлдеқайда жылдам жылынып жатыр. Бұл судың булануына әкеліп соғады. Соңғы онжылдықта судың булануы мен жауған жауын-шашын және су келуінің арасындағы теңсіздік байқалады. Су булану көлемі жауын-шашын мен ағыс көлемінен жоғары. Бұл теңіз деңгейінің төмендеуіне себеп болып отыр», – дейді Есмағамбетов.

Айтуынша, келешекте Каспий 5 метрге дейін төмендеуі мүмкін.

«2050 жылға қарай теңіз деңгейі тағы 3-тен 5 метрге дейін төмендеуі мүмкін. Бұл климатқа және адамдардың әрекетіне де байланысты», – дейді ол.

Институтқа 846 млн теңге бөлінді

Дәулет Есмағамбетовтің айтуынша, Президенттің тапсырмасы бойынша құрылған Каспий теңізінің қазақстандық ғылыми-зерттеу институтына қаржы бөлінді. Бұған дейін бұл мекемені қаржыландыру мәселесі туындап келген.

«Өткен аптада Үкіметтің қаржы бөлу туралы қаулысы шықты. Жергілікті бюджеттен жабдықтар сатып алуға 518 миллион теңге бөлінді, ал республикалық бюджеттен штат пен инфрақұрылымды ұстауға тағы 328 миллион теңге бағытталады», – деп нақтылады ол.

Ғылыми-зерттеу институтында жалпы 91 адам жұмыс істейді. Мекеме құрамына кеме қосылса, экипажда 15-20 адам болады.

«Биыл тек 40 адамды жұмысқа аламыз. 2026 жылдан бастап штат саны 90-ға жетеді. Ішінде 10 адам ғана әкімшілік істермен айналысады, қалғаны – ғылыммен айналысатын маман», – деді Есмағамбетов.

Бұған дейін Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов Каспий маңы елдерін Каспийдің таяздануына қарсы күресте ынтымақтастыққа шақырды.

Сондай-ақ оқыңыз