
Save the Caspian Sea қозғалысының тең құрылтайшысы Вадим Ни Энергетика министрлігін сотқа берді. Ол Қашаған, Теңіз және Қарашығанақ кен орындарын игеру жөніндегі келісімдердің шарттарын жариялауды талап етіп отыр. Бұл туралы Ни «Курсивтің» орыс редакциясына хабарлады. Нидің айтуынша, іс кассациялық сатыда қаралады.
«Үш ірі кен орнына – Қашаған, Теңіз, Қарашығанаққа қатысты келісімдер ашық болуы керек. Бұл келісімдер кезінде жабық түрде жасалған… Біз соттасып жатырмыз. Жеке өзім арыз бердім, менің өкілім ретінде әрекет ететін заңгер кассациялық алқаның отырысына қатысады. Энергетика министрлігіне экологиялық талаптарды ашу туралы сұрау жібердік, олар бас тартты», – деді Ни.
Оның айтуынша, экологтар бұл мәселе бойынша халықаралық соттарға жүгінуді де жоспарлап отыр.
Нидің сөзінше, қозғалыс Каспийді құтқаруға бағытталған 10 қадамнан тұратын ұсыныс жиынтығын әзірлеген. Бұл құжат алдағы күндері қозғалыстың ресми сайтында жарияланады. Әрі қарай оны президент пен премьер-министрдің қарауына ұсыну жоспарланып отыр.
Айта кетейік, бір жылда Каспийдің Қазақстан бөлігіндегі теңіз деңгейі 26 сантиметрге төмендеді.