
Үкімет айтқанындай біртіндеп жанар-жағармай бағасын қымбаттатып жатыр. Оның ішінде бензиннің өсуі әжептәуір сезіледі. Ең арзан Аи-92 маркалы бензиннің өзі орташа 220 теңгеден сатылып жатыр. Осы ретте шығыны төмен көлік түрлерінің өзектілігі арта түседі. Бүгін нұсқа ретінде газ бен гибрид көліктерді қарастырып көрмекпіз.
Көлікке газ қою
Газ қашан да бензиннен арзан болған. Қазірдің өзінде газ бағасы бензиннен екі есе арзан. Сондықтан үнемдеуді ойлаған, қозғалтқыш көлемі үлкен көліктердің жүргізушілері көлігіне газ қоятын. Көгілдір отын басқа өңірлерге қарағанда айтарлықтай арзан Маңғыстау, Атырау облыстарында жүргізушілердің барлығы дерлік газбен жүреді. Алайда көлікке газ қойғанды құптамайтындар немесе қорқақтайтындар бар. Ол негізсіз емес. Өйткені газ қоюдың өзіндік тәуекелі болады:
Қауіпсіздік мәселесі. Нашар орнатқан кезде немесе жабдық тозған жағдайда газ ағып, салдарынан өрт немесе жарылыс қаупі туындауы мүмкін. Баллон дұрыс орнатылса, бұл қауіп еселеп азаяды. Десе де күшті соққы кезінде баллон жарылған жағдайлар болған.
Техникалық мәселе. Газ, әсіресе, ескі көліктерде клапандар мен седлоларды тезірек тоздыруы мүмкін. Газдың жану жылуы бензинге қарағанда төменірек болғандықтан, көліктің тартысы түседі. Газ жабдығы үнемі тексеріп, сүзгілерін ауыстырып отыруды қажет етеді.
Қаржылық мәселе. Сапалы, сертификатталған газ орнату қызметі қымбат болуы мүмкін. Ақау шыққан жағдайда газ жүйесінің өзіне де, қозғалтқышқа да қосымша жөндеу қажет болады..Кейбір сатып алушылар газ қойылған көлікті алуға сақтықпен қарайтындықтан, сатуда қиындық тууы ықтимал.
Тапшылық. Газ кез келген жанармай бекетінде бола бермейді. Ұзақ жолға шыққанда газ деңгейін үнемі тексеріп, діттеген жерге дейін жететінін бақылап отырған жөн. Жүргізушілер арасында ұзақ сапарларда құятын газ таппай жолда қалған жағдайлар кездескен. Кейде ел бойынша газ тапшы болып қалатын оқиғалар да болатынын ескерген жөн.
Зауыттан газбен шыққан көліктер
Кейінгі кезде сұр нарықта зауыттан газбен шыққан корейлік көліктер көбейді. Талайы такси қызметінде жүр. Мұндай көліктер үнемге қоса, жоғарыда айтқан қауіпсіздік пен техникалық мәселелерді шешеді. Десе де мұның да ньюанстары жоқ емес. Кореяда зауыттан газбен шыққан көліктер такси қызметінде кеңінен қолданылатындықтан, жүрісі үлкен. Сәйкесінше тозу деңгейі жоғары болуы мүмкін. Алып-сатарлар көліктердің жүрісін жиі артқа айналдыратындықтан, оның ресурсын дөп басып айту қиын. Әйткенмен, зауыттан газбен шыққан автолар ұзақ қызметімен танымал.
Гибрид көліктер
Кейінгі кезде көшеден Қытайдың гидрид көліктерін көптеп кездестіруге болады. Жартылай батареямен жүретін олар жанармайға кәдімгідей үнем. Жүргізушілердің пікіріне қарасақ, мұндай автолар 100 шақырымға 4 литрдей ғана бензин тұтынады. Бірақ «қымбат бензинге таптырмас балама осы екен» деу әзірге асығыстық болар. Өйткені көліктер нарыққа сұр жолмен кіріп жатыр, ресми дилерлік орталықтары жоқ, сәйкесінше кепілдігі де жоқ. Ертеңгі күні батареялары тозса, істен шықса, оны қарапайып көлік жөндейтін жердің шебері білмейді. Әрине көлік көбейсе, сервис те дамитыны сөзсіз. Десе де оған белгілі бір уақыт керек. Модельдер әлі де уақыт тезінен өтпегендіктен, сенімнен гөрі, оларға күмән басымдау. Сондықтан, жүрген көлікті қайта сату да қиындау болады.
Әйткенмен, көлік нарығы, ондағы көзқарас қатты өзгеріп жатыр. Қытай көліктеріне көз үйренді, ішінен жанатын қозғалтқышпен жүретін машиналар жақын келешекте шықпайтыны жөніндегі мәлімдемелер дүркін-дүркін жасалады. Енді жанармайдың қымбаттауы бұл үрдісті жылдамдата түсетін секілді.
Бұған дейін, 2026 жылдан бастап ескі және жаңа көліктерге қанша салық салынаитыны туралы жазғанбыз.