Тегін оқыдың, енді жұмыс істе: грантты кім, қалай өтеуі керек

Жуырда есімдері анықталған мемлекеттік грант иегерлері оқуды тәмәмдағаннан кейін грантты жұмыспен өтейтін болады. Бұл талап грант негізінде магистратура мен докторантурада оқығандарға да қатысты. Өтеу қалай жүзеге асады, мерзімі қанша, грантты өтемесе не болатыны туралы төмендегі материалда түсіндіреміз.
Грантты өтеу шарттары
«Қаржы орталығы» АҚ-ның мәліметінше, грантты жұмыспен өтеуге міндетті азаматтар 6 санатқа бөлінген.
1) Ауылдық квота. Ауылдық квота аясында педагогикалық, медициналық, ветеринариялық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша білім алған ауыл жастары жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымын бітіргеннен кейін меншік нысанына қарамастан, ауылдық жерде орналасқан тиісті ұйымдарда кемінде 3 жыл жұмыс істеуге міндетті.
2) «Серпін» жобасы. Квота шегінде педагогикалық, техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша білім алған жастар Үкімет қаулысы арқылы айқындалған қоныс аударуға арналған өңірлерде кемінде 2 жыл жұмыс істейді.
3) Педагогикалық және медициналық мамандықтар (бакалавриат, магистратура, резидентура). Педагогикалық және медициналық мамандықтарда грантта білім алғандар кемінде 3 жыл тиісті білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарында жұмыс істеуі шарт.
4) Басқа мамандықтар (бакалавриат, магистратура). Басқа мамандықтарда білім алғандар грантты кемінде 3 жыл меншік нысанына қарамастан жұмыс істеп өтеуге тиіс;
5) Бейіндік докторантура. Бейіні бойынша доктор бағдарламасында білім алғандар кемінде 3 жыл мемлекеттік органдарда, ЖЖОКБҰ-да, ғылыми ұйымдарда, ғылыми бөлімшелерде, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымдарында, орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын ұйымдарда (жоғары колледждерде немесе училищелерде) жұмыс істеуге міндетті.
6) Ғылыми-педагогикалық докторантура. Философия докторы (PhD) бағдарламасы бойынша докторантурада білім алған азаматтар грантты кемінде 3 жыл мемлекеттік органдарда, ЖЖОКБҰ-да, ғылыми ұйымдарда, ғылыми бөлімшелерде, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ, орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын (жоғары колледждерде немесе училищелерде) және денсаулық сақтау ұйымдарында жұмыспен өтейді.
Жоғарыда айтылғандарды түйіндеп кетер болсақ, ауылдық квота шегінде, «Серпін» жобасы аясында, педагогикалық және медициналық мамандықтарда, бейіндік докторантура мен ғылыми-педагогикалық докторантурада білім алған азаматтар жұмысты өз саласына тікелей қатысты тиісті ұйымдарда істеуі керек. Бұл жерде нақты оқыған мамандығы бойынша жұмыспен өтеу талабы қойылмаған, тиісті ұйымда істеу жеткілікті. Шартты түрде айтқанда, қазақ тілі пәнінің мұғалімі тек білім беру ұйымында істеуге тиіс, алайда онда мамандығы бойынша орын болмаған жағдайда, іс жүргізу сияқты өзге жұмыста істеу арқылы грантты өтеуіне рұқсат етілген.
Педагогикалық, медициналық, ветеринария, ауыл шаруашылығы мамандықтарынан басқа мамандықтар бойынша білім алған жас мамандар грантты меншік нысанына қарамастан өзге мамандықтарда жұмыс істеп өтеуіне болады.
Грантты өтемесе не болады
Жас маман грантты жұмыспен өтеу жөніндегі міндетін орындамаған жағдайда өзін оқытуға кеткен бюджет қаражатын қайтаруға міндетті. Бұл тұста, грантта оқыған мерзімі кезіндегі оқу құны ғана есептеледі. Ал алған шәкіртақыны қайтару жөніндегі міндет көзделмеген.
Жұмыспен өтеу міндеттерін орындамаған жас мамандармен алдымен сотқа дейінгі реттеу аясында әңгіме жүріп, міндеттері түсіндіріледі. Оларға міндеті туралы төмендегі арналар арқылы хабарлама жолданады:
- «Қазпошта» АҚ гибридті поштасы арқылы;
- Egov Электрондық үкімет порталындағы жеке кабинет арқылы;
- «1414» бірыңғай байланыс орталығы арқылы.
Әңгімелесуден кейін де өтеу жөніндегі міндеттеме орындалмаған жағдайда Қаржы орталығы АҚ шығыстарды сот тәртібімен өндіріп алуға қатысты шаралар қабылдайды.
2022-2024 жылдар аралығында мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша 45 532 адам міндеттемелерін орындамаған.
Бұған дейін, Ғылым және жоғары білім министрлігі мемлекеттік грант иегерлерінің тізімін жариялағаннан кейін, оқуға түскендер грант куәлігін қайдан алатынын, жоғары оқу орнына тапсыру үшін қандай құжат жинау керегін хабарлағанбыз.