
«Болашақ» бағдарламасына нағыз қабілетті, дарынды балаларды іріктеу керек, кездейсоқ адамдарды қосуға болмайды. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық пән олимпиадаларының жеңімпаздары және жүлдегерлерімен кездесуде айтты.
Ақордадағы іс-шараға 24 лауреат, атап айтқанда, 4 алтын, 11 күміс және 9 қола медаль иегері шақырылған. Оқушылар химия, математика, физика, география, информатика және биология пәндерінен үздік нәтиже көрсеткен.
Президент жастарды ең алдымен, білім әлеміндегі жеңістерімен құттықтап, шынайы ризашылығын білдірді. Олардың халықаралық беделді білім сайыстарында топ жарып, Қазақстанның атын әлемге паш етуін зор жетістік ретінде бағалады.
Президент шәкірт қабілетін ұштаған ұлағатты ұстаздар мемлекеттік марапатқа лайық екенін жеткізіп, озық ойлы ұрпақ тәрбиелеген ата-аналарға алғыс айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға барынша жағдай жасау мемлекеттің басты міндетінің бірі екеніне тоқталды.
– Қазіргі таңда еліміздің әр аймағында заманауи үлгідегі «Келешек мектептері» ашылуда. Мұғалім мәртебесін көтеруге баса мән беріліп жатыр. Ғылым жолына түскен жастарға жан-жақты қолдау көрсетілуде. Бұл ретте «Болашақ» халықаралық стипендиясы тиімді рөл атқаруда. Жоба аясында мыңдаған жас азамат әлемнің озық университеттері мен зерттеу орталықтарында білім алды. Бүгінде олардың көбі елімізді өркендетуге мол үлес қосуда. Алдымызда тұрған міндет – осы стипендияға нағыз қабілетті, дарынды балаларды іріктеу. Кездейсоқ адамдарды қосуға болмайды. Сондықтан келесі жылдан бастап халықаралық олимпиада жеңімпаздарын «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға жіберу туралы шешім қабылданды. Осылайша, біз дарынды әрі талапты жастарға жан-жақты қолдау көрсете береміз, – деді ол.
Президенттің пікірінше, халықаралық беделді олимпиадалардағы жастардың жетістіктері ұлттың зияткерлік қуаты мен өскелең ұрпақтың зор әлеуетін танытады.
Кездесуде халықаралық жарыстарда топ жарып, алтын, күміс және қола медаль иеленген жастарға 1500, 1000 және 500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қаржылай сыйақы сертификаттары табысталды.
Сондай-ақ жиын барысында президент алғашқы АЭС-ке үздік атау табу үшін байқау жариялауды ұсынған.