
Дөңгелеп келе жатқан жүк көлігі дөңгелегінің жолын көлегейлеп, жаяу жүргіншілерге төнген қауіптің алдын алған жүргізуші сақтандыру компаниясынан 10,9 млн теңге сақтандыру төлемін алған.
Белгілі болғандай, бұл сома көліктің зақымданған бөлшектерінің құнына пара-пар. Мысалы, соңғы буындағы BMW X5 көлігінің бір ғана түпнұсқа шамының құны шамамен 3 млн теңге тұрады. Бағалау нәтижесінде жол апаты салдарынан 42 ұсақ және ірі қосалқы бөлшекті ауыстыру керегі анықталған.
Еске сала кетейік, өткен аптада әлеуметтік желіде жаңа BMW X5 көлігінің иесі КамАЗ-дың шығып кеткен дөңгелегін тоқтату үшін көлігін әдейі дөңгелектің алдына қойып, жаяу жүргіншілерді қауіптен қорғап қалғаны туралы ақпарат тараған.
Жол-көлік оқиғасы Алматыда 2 тамыз күні Науаи көшесінің бойында болған, алайда ол туралы ақпарат бірнеше күннен кейін ғана әлеуметтік желіде белсенді тарай бастаған.
BMW рөлінде кәсіби спортшы, бодибильдер Сергей Серещев отырған. Ол аяқ асты болған оқиғада бейсаналы түрде әрекет еткенін, артында жаяу жүргіншілердің барын байқамағанын айтады. Алайда дөңгелекті өткізіп жіберсе, біреуді жазым етуі мүмкін екенін түсінген.
Сергейдің әрекетіне риза болған желі қолданушылары оған көлігін қалпына келтіруге көмектесуге ниет білдірген. Алайда спортшы көлігі сақтандырылғанын айтып, көмектен бас тартқан. Жүргізушінің сақтандыру компаниясы өзінің міндеттемесін орындап, келген залалды өтеп берген.
Ал жол-көлік оқиғасына КамАЗ жүргізушісі кінәлі деп танылған.
Бұған дейін, жол-көлік оқиғасы кезінде не істеу керектігі туралы жүргізушілерге арналған нұсқаулық жазғанбыз.