
Алматының Орталық стадионында әлемдік супержұлдыз Дженнифер Лопестің Up All Night әлемдік туры аясындағы жеке концерті өтті. Бұл кешке 20 мыңнан астам көрермен жиналды, оның ішінде әлемнің 35-тен аса елінен келген 8 мың турист болды.
Фанаттар сүйікті әртісіне деген махаббатын білдіру үшін түрлі сыйлықтар тарту етті. Сахнаға әсем гүл шоқтары мен авторлық портреттер, естелік сувенирлер мен жүрекжарды сыйлықтар ұсынылды. Көпшілік Дженнифер Лопеспен бірге суретке түсіп, әсерлі сәттерін әлеуметтік желілерде бөлісті.




«Шегірткеден асқан бақытты жан жоқ»
Концерттің ең есте қаларлық оқиғасы әнші мойнына қонған шегіртке болды. Әлеуметтік желі қолданушылары оны «VIP-қонақ» деп атап кетті. Дженнифер бұл жайтқа байсалды қарап, шегірткені жай ғана сілкіп түсіріп, ән айтуды жалғастырды.
Осы сәттің видеосы желіде тез тарап кетті. Қазақстандықтар әзіл аралас пікірлерін де жазып жарысуда:
«Джей Лоға қолын тигізген жалғыз қазақ», «шегіртке құрлы болған жоқпыз ғой», «Оның VIP-билеті бар еді», «билетсіз кіріп алып, аймалап, мойынынан иіскеп кетті» деген пікірлер жазылып жатыр.
Концертке келушілер сағат 15:00-ден бастап жиналды. Халықтың қарасы соншалық – кезектің соңы көз жетпейтіндей алыста еді.
Дженнифер Лопестің Алматыдағы концерті музыка мен эмоцияға толы, ұмытылмас шоу болды. Әншінің кәсіби шеберлігі, көрерменнің ыстық ықыласы және күтпеген «VIP-қонақ» бұл кешті ерекше есте қаларлық етті.