
Ақордада президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен жасанды интеллектіні дамыту мәселесіне арналған кеңес өтті.
Жиынға Премьер-министр Олжас Бектенов, Президент Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай, Үкімет мүшелері, орталық мемлекеттік органдардың жетекшілері және ұлттық компания басшылары қатысты.
Президент өз сөзінде қазір дүние жүзінде жасанды интеллектінің қарқынды дамуына байланысты сипаты мүлде жаңа технологиялық өзгерістер жүріп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл технология барлық елдің дамуына тікелей әсер етеді және онсыз жаһандық бәсекеге төтеп беру мүмкін емес. Мемлекет басшысы озық технологиялар ұлт дербестігінің кепіліне, экономикалық өсімнің қозғаушы күшіне айналып отырғанын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда жасанды интеллект саласында белгілі бір жетістіктер барын, алайда босаңсуға болмайтынын жеткізді. Ол бұл бағытты стратегиялық басымдықтардың бірі ретінде қарастыратынын атап өтті. Біріккен Ұлттар Ұйымының Сауда және даму жөніндегі конференциясы (UNCTAD) 2033 жылға қарай жасанды интеллект нарығының ауқымы 4,8 трлн долларға жетіп, технологиялық индустриядағы үлесі 7 пайыздан 29 пайызға дейін артатынын болжаған. Президент бұл өсімді теңдесі жоқ деп бағалап, жасанды интеллект дамудың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашатынын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы бес жылдың ішінде Қазақстан цифрлық мемлекетке айналуы керектігін, бұл айқын әрі өзгермейтін мақсат екенін атап өтті. Ол үшін стратегиялық бағдарды айқындап, әрбір қадамды мұқият ойластырып, алдын ала шұғыл шаралар қабылдау қажет. Президент Үкіметке Стратегиялық жоспарлау агенттігімен бірлесіп, жасанды интеллектіні дамыту және елдің цифрлық трансформациясы туралы жүйелі құжат әзірлеуді тапсырды. Бұл іске халықаралық компаниялар мен беделді сарапшылар тартылуы керек.
Кеңесте Президент жасанды интеллектіні экономиканың нақты секторына енгізу қажеттігін айтты. Бұл экономиканы түбегейлі жаңғыртуға және еңбек өнімділігін арттыруға септігін тигізеді. Осы мақсатта Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қоры жыл соңына дейін жасанды интеллектіні өндірістік үдерістерге енгізіп, экономикалық тиімділігін көрсететін нақты үлгілер ұсынуы тиіс.
Мемлекеттік басқаруды одан әрі цифрландыру да негізгі басымдықтардың бірі. Президент қазір кейбір жобалардың ChatGPT қағидатымен жұмыс істей бастағанын, бірақ бұл тек алғашқы қадам екенін атап өтті. Ол жасанды интеллект мемлекеттік аппараттың жұмысын айтарлықтай жеңілдетуі керектігін, ал қазіргі «цифрлық фиксация» тәсілі тиімділік әкелмейтінін айтты. Үкімет үш ай ішінде мемлекеттік қызмет көрсету саласына жасанды интеллектіні енгізу бойынша нақты шаралар әзірлеуі керек.
Әлемде дәрігерлерді күнделікті бірсарынды жұмыстан босатып, олардың маңызды клиникалық шешімдер қабылдауына мүмкіндік беретін технологиялар белсенді қолданылады. Қазақстанда да перспективті медициналық стартаптар бар. Алайда бюрократия олардың әлеуетін шектеп отыр. Бір жағынан еліміздегі медициналық ақпарат жүйелерінде біртұтас алгоритм жоқ, әрқайсысы дербес дамып жатыр. Бұл жасанды интеллектінің медицина саласына енгізілуін тежейді. Денсаулық сақтау саласын цифрландыру ісіндегі жүйесіздік түрлі заңбұзушылықтарға жол беруде. Мысалы, былтыр әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аудит жүргізілді. Сол кезде қомақты қаражаттың шығын болғаны анықталды. Цифрлық тәсілдер медицина саласының ашық және тиімді қызмет етуіне ықпал етеді,– деді Президент.
Президент жасанды интеллектіні құқықтық тұрғыдан реттеу тетіктерін жетілдіруді де міндет етті. Еуропа Одағы, АҚШ, Қытай және Канада өз моделін қалыптастырып жатқанда, Қазақстан да нормативтік базасын жасауы тиіс. Жасанды интеллект туралы заң инновацияны қолдап, қауіпсіздік пен жауапкершілікті тең дәрежеде қамтуы керек.
Президент бүкіл мемлекеттік және квазимемлекеттік цифрлық экожүйені біртұтас QazTech платформасына көшіруді тапсырды. 2026 жылдың қаңтарынан бастап QazTech-тен тыс жаңа ақпараттық жүйелерді құруға мораторий енгізіледі.
Киберқауіпсіздікті күшейту де күн тәртібінде тұр.
Жыл басынан бері деректердің қолды болуына байланысты 40-тан астам факті тіркелді. Ең ірі оқиға маусым айында болды. Мұндай инциденттердің басым бөлігі жеке секторда орын алады. Бірақ мемлекет еліміздегі цифрлық қауіпсіздіктің жалпы деңгейіне толық жауап беруге міндетті. Киберқауіпсіздік саласындағы бүгінгі ахуал құзыреттердің дұрыс бөлінбеуі және шашыраңқылығы салдарынан күрделеніп отыр. Бір жағынан ақпараттық қауіпсіздікке Цифрлық даму министрлігі құрамындағы Ақпараттық қауіпсіздік комитеті мониторинг жүргізеді. Екінші жағынан қауіпсіздік талаптары бойынша техникалық сынақтар жүргізу және сертификаттау Ұлттық қауіпсіздік комитетіне бағынышты Мемлекеттік техникалық қызмет құзырында. Бірыңғай басқару вертикалінің болмауы және функциялардың қайталануы мемлекеттік органдардың киберқауіпке қарсы баяу әрекет етуіне себеп болады. Бұл жағдайды тез арада түзеу керек, – деді Президент.
Қорғалған коммуникацияны қамтамасыз ету үшін жеке деректерді қолданатын барлық байланысты отандық Aitu мессенджеріне көшіру мәселесі пысықталмақ.
Өскелең ұрпақтың жасанды интеллектіні дұрыс пайдалана білуі маңызды. Қазір «AI-Sana» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр, бірақ оның ауқымын кеңейту керек.
Президент инвестиция мен таланттарға қолайлы жағдай жасаудың маңызын да атап өтті. 2024 жылы әлемде ЖИ стартаптарына 100 млрд доллар инвестиция салынды. Қазақстанда да әлемдік деңгейге шығуға қабілетті жобалар бар. Мемлекет мұндай таланттарды қолдауы тиіс.
Сөзін қорытындылаған Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні дамыту – ел болашағына тікелей қатысты стратегиялық міндет екенін, бұл мәселе жеке бақылауында болатынын айтты.
Кеңес барысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, Ішкі істер министрі Ержан Сәденов баяндама жасады. Сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаев, Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр, Премьер-министрдің орынбасарлары Ермек Көшербаев пен Қанат Бозымбаев, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов және Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай қатысты.
Еске сала кетейік, бұған дейін AlemLLM атты қазақ тілді ЖИ моделі шыққан еді.