Жаңалықтар

Келесі жылы кімдер көлік салығын төлемейді?

Қандай көліктердің салығы арзандайтыны белгілі болды / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов
Қандай көліктердің салығы арзандайтыны белгілі болды / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Жаңа салық кодексі бойынша, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап бірқатар азаматтар көлік салығынан босатылатын болады.

Олардың қатарында ардагерлер, түрлі марапат иелері бар. Бұдан бөлек, бірқатар ұйымдар мен мекемелерге де жеңілдік қарастырылып отыр.

Көлік салығын төлемейтін жеке тұлғалар

Атап айтқанда, Ұлы Отан соғысының ардагерлері және оларға теңестірілгендер, соның ішінде шетелде ұрыс қимылдарына қатысқандар көлік салығын төлемейді. Сонымен қатар, Еңбек және майдан қызметі үшін КСРО ордендері мен медальдарымен марапатталғандар да бұл салық түрінен босатылады.

Кеңес Одағының Батырлары және Социалистік Еңбек Ерлері, «Халық қаһарманы» және «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болған азаматтар, Еңбек Даңқы орденінің үш дәрежесінің кавалерлері, «Отан» орденінің иегерлері, «Батыр ана» орденімен, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» наградаларымен марапатталған көпбалалы аналар мен мотоарбаға таңылған немесе автокөлік иеленетін мүгедектігі бар адамдар салықтан толық босатылмақ. Ескерте кететін жайт, жеңілдік бір көлікке ғана қолданылады.

Кейбір ұйымдар мен фермерлерге жеңілдік

Сондай-ақ, келесі жылдан бастап бірқатар ұйымдар салық жеңілдігіне ие болмақ. Оған мемлекеттік органдар мен білім беру ұйымдары кіріп отыр. Олар енді қозғалтқыш көлемі 3 000 текше сантиметрге дейінгі бір автокөлік пен бір автобусқа салық төлемейді. Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге, фермерлерге де жеңілдік жасалады. Мәселен, ауыл шаруашылығында пайдаланылатын арнайы техникаға да салық салынбайтын болды.

Қандай көліктердің салығы азаяды?

Ескі көліктерге салық жеңілдігі енгізіледі. 10 жылдан 20 жылға дейінгі көліктерге – 30%, 20 жылдан асқандарына  50% жеңілдік көзделіп отыр.

Құны 18 000 АЕК-тен, шамамен 70,8 млн теңгеден асатын көлікті сатқанда 10% акциз салығы енгізіледі. Егер иесі көлікті бір жылдан артық уақыт өзі жүргізсе, онда акциз алынбайды.

Еске сала кетейік, 18 шілдеде Тоқаев жаңа Салық кодексіне қол қойған еді. Енді 2026 жылдан бастан 1-2 теңге әлеуметтік қарыз бен бес тиын өсіппұл үшін есепшот бұғатталмайтын болды.