Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев пен оның жақтастарының ісі қаралды

Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевқа және оның жақтастарына бұлтартпау шарасы өзгермейтін болды.
24.kg ақпаратына қарағанда, Бішкек соты істі қарап, айыпталушылардың өтінішін қанағаттандырудан бас тартқан.
Жақтастары кімдер?
Бүгін, 11 тамызда, Бішкек қалалық сотында Алмазбек Атамбаев пен оның жақтастарына қатысты бірнеше қылмыстық іс бойынша апелляциялық шағым қаралды. Адвокат айыпталушыларға қатысты бұлтартпау шарасын «елден шықпау туралы қолхатқа» өзгертуін сұраған. Олардың ішінде бұрынғы президенттің өзі, Фарид Ниязов, Равшан Жээнбеков және Ирина Карамушкина да бар.
Қандай айыптар тағылып отыр?
Судья Лейла Байдаева төрағалық еткен сот алқасы бұл өтінішті қанағаттандырмады. Енді олар қамауда қала бермек. Келесі сот отырысы 18 тамызда өтеді.
Айта кетсек, сот бірнеше қылмыстық істі бір өндіріске біріктірген. Тағылған айыптардың ішінде «Дастан» АҚ-ның заңсыз сатылуы, жер учаскелерін бөлу, қылмыстық жолмен алынған табыстарды заңдастыру да бар. Сондай-ақ Бішкек ЖЭО-ны жаңғырту кезіндегі жемқорлық, сондай-ақ 2019 жылғы 7-8 тамызда Қой-Таш ауылында жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру ісі де қосылған.
Барлығы – 20 адам
Еске салсақ, Қой-Таш оқиғаларына қатысты іс сотта 2022 жылдан бері қаралып келеді. Іске Бішкек ЖЭО, «Дастан» зауыты және жер учаскелері бойынша жаңа іс қосылған. Бұл эпизодтардың бірінде бұрынғы Ішкі істер министрі Абдылда Суранчиев пен бұрынғы Энергетика министрі Аскарбек Шадиевтің есімдері аталған. Барлығы 20 адам айыпталып жатыр. Оның 12-сі Кой-Таш оқиғаларына қатысты.
Атамбаевтың өзі қайда?
Бұрынғы президент Алмазбек Атамбаев 2023 жылғы ақпанда сот шешімімен емделуге босатылған. Ол Испанияға ұшып кетіп, содан бері Қырғызстанға оралмаған.
3 маусымда Бішкектің Бірінші Май аудандық соты Қой-Таш оқиғалары бойынша үкім шығарды. Бұрынғы президент Алмазбек Атамбаев 11 жыл 3 айға бас бостандығынан айырылды. Мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік наградаларынан айырылды. Басқа айыпталушыларға да түрлі мерзім тағайындалды.
Қой-Таш оқиғасы
2019 жылғы 7 тамызда ҚККБ арнайы жасағы Алмазбек Атамбаевтың Қой-Таштағы резиденциясын күшпен басып алуға әрекет жасады. Келесі күні ІІМ мен ҰҚМК күштері бірлесіп, резиденция иесін ұстау бойынша тағы бір арнайы операция жүргізді.
Күштік құрылымдар Атамбаевты Қой-Таштан алып шықты. Сол кезде оның жақтастары күштік құрылымдарға тас лақтырып, шиналар мен қоқыс өртеген. Екі күндік қақтығыс барысында 136 адам жарақат алды. Арнайы жасақтың бір қызметкері оқ жарақатынан қаза тапқан еді.
2021 жылы Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев Мемлекеттік ҰҚК тергеу изоляторынан Бішкектегі № 47 түзеу колониясына ауыстырылған еді.