Фариза Төреәлі кітап сатам деп «заңсыз» лотерея ұйымдастырып жатыр ма?

Жарияланды 11 Тамыз 2025 13:36

Ақсәуле Әбітай

Ақсәуле Әбітай

Business News бөлімінің тілшісі a.abitay@kursiv.media
Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Дастан Шанай

Инстаграмында 1,8 млн аудиториясы бар Фариза Төреәлі «Жүректен жүрекке» атты кітабын жарыққа шығарды. Оны сатып алған аудитория арасында жаңа Mersedes Benz көлігін ұтысқа қойып, ойнатып жатыр. Заң бойынша елімізде ұтыс ойнатуға бір ғана операторға құқық берілген. Демек блогердің бұл ұйымдастырып жатқаны қаншалықты орынды? Жалпы кәсібін заңды жүргізе ме? Анықтап көрдік.

Әйел болмысының тереңдігін ашып, шабыт сыйлайтын рухани мотиватор

«Нәзіктік пен тереңдікке толы әйел болмысы жайлы жазбалар, кітаптан үзінділер, кеңестер мен шабыт таба алатын кітап». Фариза Төреәлі кітабының сипаттамасында осылай жазылған. Жаңа еңбегі «жүрекпен өмір сүргісі келетіндерге», «отбасы мен қоғамда өз орнын іздеп жүрген арулар мен ішкі сенім мен молшылыққа жол ашқысы келетін» жандарға арналған. Бұл туындының бағасы – 10 мың теңге.

Ал кітап сатып алғандар арасында Mercedes-Benz EQE SUV электр кроссовері ойнатылып жатыр. Оның нарықтағы құны 25 млн теңгеден басталып, 35 млн теңгеге дейін жетеді. Кітапты жеке тапсырыспен де, Kaspi дүкеннен де сатып алуға болады.

Фаризаның бұл әдіспен кітабын жарнамалауында маркетингтік акцияның да, лотереяның да белгілері бар. Тауар сатып алуды ұсынып, соңынан ұтыс ойнатады. Бірақ маркетинг акция брендті жарнамалау, брендке назар аудару мақсатында болса, лотерея тікелей табыс табуға, ұйымдастырушы пайдасын арттыруға негізделеді. Лотерея өткізетіндер көбіне көлік, үй және басқа да бағалы заттарды ұтысқа тігеді. Заң бойынша, елімізде лоторея қызметін ұйымдастыру құқығы «Сәтті Жұлдыз» операторына ғана берілген.

Егер блогерлер рұқсатсыз ұтыс өткізсе, әкімшілік құқық бұзушылық деп саналып, айыппұл төлеуі қажет. Туризм және спорт министрлігінің Лотереялар мен ойын бизнесін реттеу комитеті заңсыз лотерея ұйымдастыратын адамдарды жауапкершілікке тартады. Бұзушылық жасағандарға 100-ден 2000 АЕК-ке дейін (2025 жылы 393 200 теңгеден 7 864 000 теңгеге дейін) айыппұл салынады және құқықбұзушылық нәтижесінде алынған кірістер тәркіленеді.

Ескеретін жайт, ұтысты жеңіп алған адам да салық төлеуі керек.

Бұған дейін әнші Абай Бегейдің қызы Гүлеркем Ниязқұлова мен жұбайы заңсыз онлайн-лотерея ойнатты деген күдікке ілінген. Олар лоторея операторы ретінде тіркелместен, автокөлік, пәтер және басқа да құнды сыйлықтарды ұтысқа тіккен.

Фариза Төреәлі мен жұбайы Дархан Нортаевтың қандай бизнесі бар?

Былтыр Фариза Төреәлі құны 14 990 теңге болатын Harmony блокнотын шығарған еді. Арманыңызды орындауға себеп болады деген қойын дәптердің сатылымында Jetour көлігін ойнатқан. Одан бөлек Harmony box-ын сатып алғандар арасында Macbook-те ойнатты. Оларды нақты қанша адам сатып алғаны белгісіз, бірақ осы күнделік сатылымына арналған парақша 50 мыңнан аса оқырман тіркелген.

Фариза Төреәлінің инфобизнестегі өнімдері бұл ғана емес. Бірнеше жылдан бері қыз-келіншектер арасында «Женские секретики» атты әйелдер курсын шығарып жүрді. Оған дейін 2023 жылы жұбайы Дархан Нортаевпен бірге «Make Money» атты курс сатты. Ол жерде бизнесті 0-ден бастап ашу, онлайн кәсіп жүргізді үйретуге уәде берген. Бірақ оны сатып алған кейбір оқырмандар сапасыз болғанын, көп нәрсе дұрыс түсіндірілмегенін жазады.

Тредстегі пікірлерден
Тредстегі пікірлерден

2023 жылы Фариза Төреәлінің атына «Make Money» атты жеке кәсіпкерлік тіркелген. Ол білім беру бағытында өнімдер шығаруға бағытталған. Бірақ ашық деректе ЖК-ның қанша салық төлегені жайлы ақпарат жоқ.

Фаризаның жұбайының атында «ДарФар» атты ЖК бар. Ол да 2023 жылы тіркелген, тамақтану саласында қызмет көрсетеді. Бірақ бұл ЖК-ның да салық түсімдері белгісіз. Фариза инстаграмында күйеуі Дарханды ресторатор ретінде таныстырған.

Блогер кітап шығарғаннан кейін, әлеуметтік желілерде оған біраз хейт айтылды. Фариза «әуел бастан ол хейтке дайын болдым» деп отыр.

«Оның бәріне мен дайын болдым, қыздарым. Мен барлық адамды, олардың ішіндегі негативін де қабылдаймын. Адам ретінде жақсы көремін, әрбірін. Жүрегіме ашу, ыза, жаман ой сындыны қабылдамаймын. Жүрек тек махаббатқа толы болу керек. Бәрін жақсы көрейікші, мен де оларды еш шартсыз жақсы көремін», – деп жазды ол парақшасында.

Сондай-ақ оқыңыз