Жаңалықтар

Көк-Жайлауда курорт салатын компания ресми түрде Қазақстанда тіркелді

Көк Жайлау
Фото: livingasia.online

Андоррадан келген Pas Grau International Management (PGI) компаниясы «Астана» халықаралық қаржы орталығында тіркелді. Аталған компания Көк-Жайлау тау шаңғы курортын салуға көмектеседі деп жазады Finmenitor.

PGI – тау шаңғысы курорттарын салу саласында әлемдегі жетекші компания. Ол 120-дан астам жобаны жүзеге асырған. Олардың қатарында – Даос пен Санкт-Мориц (Швейцария), Куршевель (Франция), Ишгль мен Тироль аймағы (Австрия), Вейл мен Аспен (АҚШ), Уистлер-Блэккомб (Канада), сондай-ақ Андоррадағы курорттар бар. 2024 жылы Андорраға келген туристер саны 9,6 миллион адамға жеткен, ал ел халқы небәрі 80 мың ғана.

2025 жылғы мамыр айында PGI Management компаниясының басшысы Жоан Виладомат Almaty Superski тұжырымдамасын таныстырды. Бұл – ұзындығы 65 шақырымнан асатын шаңғы трассалары бар, Құмбел шыңы мен Көк-Жайлау шатқалын қамтитын тау шаңғысы курорты. Жоба іске асырылса, 5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады.

Ал 2025 жылдың сәуірінде премьер-министр Олжас Бектенов Жоан Виладоматпен кездесіп, Алматы тау кластерінің дамуын талқылаған еді. Үкіметтің мәліметінше, кластер күніне 6 мыңнан 10 мыңға дейін адам қабылдай алады. Ал 2029 жылы жылына 7,5 млн турист қабылдайды деген жоспар бар.