Банк пен қаржы

Қазақстандық банктер үшін жаңа талаптар енгізілді

фото: Ұлттық банк

Банктердегі ең төмен резервтік талаптарға (ЕТРТ) қатысты жаңа өзгеріс күшіне енді. Енді теңгедегі міндеттемелер бойынша ЕТРТ – 3,5% және 5%, валюталық міндеттемелер бойынша – 10% және 15% деп белгіленді деп хабарлайды Ұлттық банктен.

Реттеушінің мәліметінше, ұсынылып отырған түзетулерді қабылдау үшін ЕАЭО, Орталық Азия және Кавказ елдері орталық банктерінің халықаралық ЕТРТ қолдану тәжірибесі зерттелді. Ол елдерде ЕТРТ нормативтерінің орташа деңгейі 4–4,5%-ды, ал шетел валютасындағы міндеттемелер бойынша шамамен 15%-ды құрайды.

Қазақстанда ЕТРТ нормативтерінің деңгейі аймақ бойынша ең төменгі деңгейде. Теңгедегі міндеттемелер бойынша тиімді мөлшерлеме – 1,3%, ал шетел валютасындағы міндеттемелер бойынша – 2,5% құрайды. Аталған көрсеткіштер 10% және 15%-ға дейін көтерілді. Жаңа өзгерістер кезең-кезеңімен бір жыл ішінде күшіне енуі қажет.

«Қабылданған шаралар ақша агрегаттарының шамадан тыс өсуін төмендетуге, ақша-кредит саясатының трансмиссиясын жақсартуға мүмкіндік береді, бұл инфляцияға қарсы күрестің тиімділігін арттырады. Ұлттық Банктің басты мақсаты – инфляцияны 5%-ға дейін төмендету. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін қолда бар барлық құрал пайдаланылады», – деп жазылған Ұлттық банк хабарламасында.

Бұған дейін Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов  ең төменгі резервтік талаптарды (ЕТРТ) арттыру туралы өзгерістер осы күзде күшіне енеді деп мәлімдеген. Оның түсіндіруінше, жаңа талап банктердің барлығына бірдей ұнай қоймаған, бірақ «қаржы нарғының мүддесі және инфляцияны тезірек тұрақтандыру үшін» келіскен.