Банк пен қаржы

Еуразиялық банк директорлар кеңесінің құрамы өзгерді

Фото: Евразиялық банк
Фото: Евразиялық банк

«Еуразиялық банк» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі Александр Машкевичтің өкілеті ресми түрде тоқтады. Қаржы ұйымы директорлар кеңесінің құрамы өзгерді. Мұндай шешім акционерлердің 6 тамызда өткен жиналысында қабылданды. Құжаттардың бәрі Қазақстан қор биржасында (KASE) жарияланды.

Естеріңізге сала кетейік, миллиардер Александр Машкевич 2025 жылғы наурызда қайтыс болған.

Өткен сәрсенбідегі жиналыста қабылданған тағы бір шешім бойынша, директорлар кеңесінің құрамына үш адам кірді. Олар: Шухрат Ибрагимов, Виталий Репей және Арман Нұрышев.

Сонымен бірге, Ерлан Мусин тәуелсіз директор – директорлар кеңесінің мүшесі болып сайланды. Осы шешім негізінде, Жанбота Бекенов те директорлар кеңесінің мүшелігіне қабылданды. Осылайша, қаржы ұйымының директорлар кеңесіне бес адам кірді. Қаржы ұйымының ресми сайтында Нұрышев пен Репей де тәуелсіз директор деп көрсетілген. Банктің басқарма төрағасы – Ләззат Сәтиева.

«Еуразиялық банктің» жалғыз акционері – «Еуразиялық қаржы компаниясы» АҚ. Egov мәліметінше, оның үш құрылтайшысы бар: Мукадасхан Ибрагимова, Александр Машкевич және Патох Шодиев.

Бұл уақытта, Еуразиялық қаржы компаниясы акционерлерінің жиналысы биыл 19 қыркүйекте өтетіні мәлім болды. Акционерлер директорлар кеңесінің құрамын анықтауы тиіс. Әзірге оның құрамындағы Патох Шодиев пен Шухрат Ибрагимов соттасып жүргені мәлім.

Әзірге компанияның директор кеңесінің құрамына Шухрат Ибрагимов, Андрей Копов және Патохтың қызы Муниса Шодиева кіреді.