Банк пен қаржы

Қаржыгерлер доллар 573 теңгеге дейін көтеріледі деп болжайды

что будет с тенге
Фото: shutterstock, бильд-редактор: Дастан Шанай

Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы ұлттық валютаның долларға шаққандағы бағамына қатысты болжамын өзгертті. Сарапшылар доллар бір жылдан соң 573 теңге болады деп есептейді. Бұған дейінгі болжам 548,5 теңге еді.

Бұған қоса, қауымдастық теңгенің бір айдан кейінгі бағамына қатысты болжамын да 523,4 теңгеден 541,7 теңгеге дейін көтерді. Қазір Қазақстан қаржы қорында (KASE) АҚШ валютасы 542 теңгеден саудаланып жатыр.

Қаржыгерлер ұлттық валюта бағамының нашарлауын нарықтағы өте күшті әрі негізсіз ауытқулармен байланыстырып отыр. Бұған қоса, ішкі нарықта шетел валютасына сұраныс артқан. Оның үстіне шикізат нарығындағы баға тұрақсыз болып тұр.

Мұндай жағдайлар Ұлттық банкті ақша-несие саясатын қатаң ұстауға мәжбүрлейді. Қаржы қадағалаушы мекеме сол арқылы инфляциялық қысымды шектеуге тырысады. Оның үстіне, қаржыгерлер қауымдастығы базалық мөлшерлемеге қатысты болжамын 14,75%-дан 15,25%-ға дейін көтеріп отыр. Ал шынайы мөлшерлемі қазіргі 4,7%-дан 4,9%-ға дейін артуы мүмкін.

Естеріңізге сала кетейік, шілденің аяғында доллар бағамы 550 теңгеге дейін көтерілген. Содан кейін Ұлттық банк 125,6 млн долларға интервенция жүргізуге мәжбүр болған.