Доллар тағы да 550 теңгеге қарай көтерілді

Жарияланды 11 Тамыз 2025 15:35

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business News бөлімінің тілшісі t.bukharbaev@kursiv.media
Доллар нығайды / фото: shutterstock
Доллар тағы нығайды / фото: shutterstock

11 тамызда ұлттық валютаның долларға шаққандағы бағамы тағы да өсті. Қазақстан қор биржасында (KASE) 1 АҚШ доллары 542,66 теңге болды. Дегенмен елдегі ақша айырбастау мекемелерінде көк қағаз 548 теңгеден сатылып жатыр.

Өткен аптаның аяғында KASE-дегі валюта саудасы 540,76 теңгемен жабылған. Ал дүйсенбі, 11 тамызда, қор биржасындағы күндізгі сауда барысында доллар бірден шамамен 3 теңгеге көтерілді.

Қор биржасындағы валюта саудасы барысында 82 млрд теңгеге, яғни 151 млн долларға валюта саудасы жасалды. Соған қарағанда, Ұлттық банк қордағы саудаға араласып жатқан жоқ.

Қазақстандағы екінші деңгейлі банктер Құрама Штаттар валютасын шамамен 544 теңгеге сатып жатыр. Ал ақша айырбастау мекемелерінде долларды 548 теңгеден сата бастады.

Kurs.kz сайтының мәліметінше, Алматы қаласында 1 АҚШ доллары 543 теңгеден қабылданып, 544,5 теңгеден сатылып жатыр. Астана қаласында, әдеттегідей, бағам сәл жоғарырақ – 541 және 548 теңге.

Шілденің аяғында доллар бағамы 550 теңгеге дейін көтерілді. Содан кейін Ұлттық банк 125,6 млн долларға интервенция жүргізуге мәжбүр болды. Интервенция Қазақстан экономикасы үшін қымбатқа түседі. Соған байланысты мұндай әдіс ұзақ мерзімді шешім ретінде сирек қолданылады. Үкімет он жылдан бері еркін бағам саясатын ұстанады.

Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы Құрама Штаттар валютасының бағамы 573 теңгеге дейін көтеріледі деп болжайды.

11 тамызда Биткоин бағасы 122 мың доллардан асты. Нарықта криптовалютаның басқа да түрлері қымбаттап жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз