Грантқа ілікпеген талапкерлер тегін оқи ала ма?

Жарияланды
Грант иегерлерінің тізімі шықты
Фото: kursiv.media архивінен

Биыл негізгі конкурс қорытындысы бойынша 77 мыңнан астам талапкер мемлекеттік білім грантына ие болды. Алайда грантқа қол жеткізбеген түлектер үшін де жоғары білім алудың жолдары бар.

Бұл туралы Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Жанна Есінбаева Jibek Joly телеарнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасында мәлімдеді.

«Жергілікті атқарушы органдар тарапынан да гранттар қарастырылған. Биыл олардың саны 1 700-ден асты. Әрбір әкімдік өңірлік қажеттілікке байланысты өз гранттарын бөледі. Талапкерлерге осы конкурстарға құжат тапсыруға кеңес айтамыз», — деді Жанна Есінбаева.

Оның айтуынша, жергілікті гранттарға құжат қабылдау 15 тамызға дейін жалғасады. Ақпарат әр әкімдіктің ресми сайтында немесе өңірлік жоғары оқу орындарының қабылдау комиссияларында қолжетімді.

Комитет өкілі ректорлық гранттар мен қайырымдылық ұйымдары ұсынатын қолдауға да тоқталды.

“Жоғары оқу орындары талантты жастарға, «Алтын белгі» иегерлеріне, мектепті үздік бітіргендерге және әлеуметтік осал топтағы талапкерлерге ректорлық гранттар береді. Ал «Қазақстан халқына» қоры биыл 500 грант бөлді. Бұл гранттар әкімдік конкурстарынан кейін ұсынылады, — деді ол.

Сондай-ақ сараланған гранттар да бар. Мемлекет 2 жылдан бері педагогикалық және әлеуметтік ғылымдарға 300 сараланған грант бөліп келеді. Оның 50 пайызын мемлекет, қалғанын студенттің өзі төлейді. Конкурс қыркүйекте өтеді. Мұндай грант иегерлеріне стипендия беріледі және оқу бітірген соң мемлекет есебінен жұмсалған қаржыны өтеу үшін белгілі бір мерзім жұмыс істеу міндеті жүктеледі.

Маманның айтуынша, биылғы мемлекеттік гранттардың басым бөлігі сұранысқа ие техникалық мамандықтарға бөлінген. Гранттардың 60 пайызы инженерлік бағытқа берілді. Атап айтқанда, инженерия — 18 мың, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар — 11 мыңнан астам, педагогикалық мамандықтар — 13 мыңнан астам грант. Жасанды интеллект пен робототехника бағыттарына да ерекше назар аударылды.

Сондай-ақ оқыңыз