19 жастағы жігітті өлтірген әскери қызметкер 15 жылға сотталды

Жарияланды
19 жастағы жігітті өлтірген әскери қызметкер мен олардың серіктеріне үкім шықты/фото: shutterstock

Астана қаласындағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соты Сарыағаш қаласының маңында 19 жастағы жігітті өлтірген әскери қызметкер мен олардың серіктеріне үкім шығарды. Әскери қызметкер «Адам өлтіру» бабы және «Алаяқтық» бабымен, ал оның серіктері «Қылмыс туралы хабарламау» бабымен кінәлі деп танылды. Сотталушылар айыпты мойындамаған, ал жәбірленуші сот үкімімен келіспейді.

Сот үкімі

Жасұлан Әбдіманапты азаптап, 14 жерінен аяусыз пышақтап өлтірді деген күдікке ілінген үш адамға қатысты сот үкімі шықты. Істі Астана қаласындағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соты қараған. Сот Мурод Абдижамиловты «Адам өлтіру» бабы және «Алаяқтық» бабымен 15 жылға бас бостандығынан айырды. «Қылмыс туралы хабарламау» бабымен айыпталған Диас Ибрагимовты 2 жыл 8 айға, дәл осы баппен айыпталған Адина Мамаеваны 4 жыл 6 айға сотталды. Абдижамилов қылмыс жасағанда, әскери қызметте болған соң іс әскери сотта қаралды.

Оқиға қалай болды?

Оқиға 20 ақпан күні Сарыағаш қаласының маңында болған. Көрші үйдің моншасына барып, хабар-ошарсыз кеткен 19 жастағы Жасұлан Әбдіманаптың денесін қой бағып жүрген шопан байқап, полицияға хабарлаған. Марқұмның туыстары елсіз жерге өлтіріп тастап кетуінің себебі бар деген. Айтуларынша, Жасұлан Әбдіманап сотталушыларға несие алып берген. Олар қарызды қайтарудың о, оны өлтіріп тастаған. Марқұмның анасы Райхан Жамалова сот үкімімен келіспейді.

«Сот өте тым жеңіл аз жаза берді. Үкімге қарсымын. Адвокаттармен ақылдасып, апелляциялық шағым береміз», – деді марқұмның анасы іс бойынша жәбірленуші деп танылған Райхан Жамалова.

Жамалова періштедей пәк баламды аяусыз алдап, айдалаға алып барып, 14 жерінен пышақтап қинап өлтірді деп отыр. Айыпталушылар мен олардың туыстары өкініш білдіріп, марқұмның жақындарынан кешірім сұрамаған. Жамалова баласының таныстарына несие алып бергенінен хабарсыз қалған.

«Алғашында сотталушы Абдижамилов балама бір рет пышақ сұққан екен. Сол кезде балам 50-60 мертге дейін қашқан. Құлаған кезде артынан қуып барып, үстіне отырып тағы пышақ сұққан. Не жазығы бар еді, баламның? Балам өліммен арпалысты. Оның сенгіштігін, ақкөңілділігін пайдаланып несие алдырған», – деді Жамалова.

Марқұм отбасындағы 4 баланың кенжесі. 8-сыныпта басынан ісік алынып, ауыр дертті жеңгеннен кейін екінші топ мүгедектігін алған. Марқұм Әбдіманап алған кредитті жұрттан қарыз алып өзі 2 ай төлеген. Мұны отбасынан жасырған. Ата-анасы басына мұндай іс түскенін білмеген.

«Балам 20 ақпан күні алған қарызын өтеп беруді сұраған. Айдалаға алып барып, пышақтап өлтірген соң телефонын алып, Келес өзенінің жағасына тастаған. Мұның бәрін Абдижамилов тергеуде көрсетіп, айтып берген. Ал сот тергеуінде өзгеріп, бар кінәні екінші сотталушы Диас Ибрагимовқа аудармақ болды», – дейді Жамалова.

Сот не дейді?

Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери сотының Kursiv.Media-ға хабарлауынша, 9 ақпан күні Абдижамилов Әбдіманапты өз атына несие рәсімдеуге көндіріп, кейін одан ақша алған. Бұдан бөлек телефонын заңсыз иемденіп, 120 мың теңге микронесие рәсімдеп алған. 20 ақпан күні Сарыағаш қаласы Самал-3 ықшам ауданындағы қоқыс алаңы маңында онымен жанжалдасып қалған. Осы кезде ашу үстінде оған 14 рет пышақ салған. Алған жарақатынан Әбдіманап оқиға орнында қайтыс болған. Ал қалған екі сотталушы аса ауыр қылмысты біле тұра, оны құқық қорғау органдарына хабарламаған.

Сотталушы Абдижамилов кінәсін мойындамаған, қалған екі сотталушы кінәсін толық мойындаған. Жәбірленуші тарап соттан барынша қатаң жаза тағайындауды сұраған.

«Сот үкімімен А. – 15 жыл бас бостандығынан айыру; И. – «Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңын қолдану арқылы 2 жыл 8 ай бас бостандығынан айыру; М. – 4 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазалары тағайындалды. Сонымен қатар сотталған А.-дан жәбірленушінің пайдасына 20 млн теңге моральдық өтемақы өндірілді», – делінген сот хабарламасында.

Айта кетейік, үкім заңды күшіне енген жоқ.

Сондай-ақ оқыңыз