Шардара су қоймасында су көлемі 22 есеге азайған

Жарияланды
Шардара су қоймасындағы су көлемі 22 есеге азайған
Шардара су қоймасындағы су көлемі 22 есеге азайған/Фото: Дилара Иса

Өткен аптада Түркістан облысы Шардара қаласында тұрғындар сусыз қалды. Облыс әкімдігінің мәліметінше, бұған Шардара су қоймасындағы су деңгейінің төмендеп кетуі себеп. Су құбырдан төмен түсіп кеткен. Мұндай жағдай бұрын-соңды болмаған.

Су ресурстары және ирригация министрлігі су қоймасындағы судың төмендеуін апқап ыстық пен құрғақшылықтан көреді.

Министрліктің хабарлауынша, вегетациялық кезең алдында Шардара су қоймасында 4,9 млрд текше метр су болған. Нақтырақ айтқанда қойманың 95 пайызы суға толған. Ал Көксарай контрреттегішінде 1,5 млрд текше метр су жиналған. Бұл су Достық, Қызылқұм каналы және Сырдария өзеніне жіберілген.

Су қоймасындағы суды Түркістан облысымен бірге Қызылорда облысының шаруалары пайдаланған. Соның салдарынан дәл қазір Шардара су қоймасында бар-жоғы 226 млн текше метр су қалып, шамамен 21,7 есе азайған.

Министрлік мәліметінше, Түркістан және Қызылорда облысында көктем-жаз мезгіліндегі аптап ыстық пен жауын-шашынның болмауынан суармалы суға сұраныс едәуір артқан. Салдарынан егін егу маусымы күрделі өтіп жатыр.

Министрлік су қоймасындағы су көлемінің азаюын уақытша құбылыс ретінде бағалайды. Ал судың азаюын суару маусымында судың көп пайдаланылғанымен байланыстырады. Қыркүйек айынан бастап су қоймасындағы су көлемі біртіндеп көбейеді деп сендіреді.

Бұған дейін, Шардарада ауыз су мәселесі туындап, су әсіресе көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарға жетпей жатқанын жазғанбыз.

Сондай-ақ оқыңыз