Шымкентте ауруханада жанжал шығарған жігіт қамауға алынды

Шымкенттегі №1 қалалық клиникалық ауруханасының қабылдау бөліміне келген жігіт шу шығарып екінші тұрғынды балағаттап, артынша бас салып жұдырықтай бастаған видео әлеуметтік желіде тарады. Тұрғындардың не үшін сөзге келіп қалғаны, олардың бірінің екіншісіне неліктен қол көтергені әзірге белгісіз.
Оқиға орнына дәрігерлер полиция шақырған. Десе де бейнебақылаудан тәртіп бұзушының полиция қызметкерлеріне де бағынбай, балағаттап қарсылық көрсеткенін байқауға болады.
Оқиғаның болғанын қалалық полиция департаменті мен қалалық денсаулық сақтау басқармасы растады.
Полицияның мәліметінше, бұл факт бойынша қылмыстық іс қозғалған. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
«Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықталуда. Тергеу іс-шараларының кешені жүргізілуде», – делінген полиция хабарламасында.
Қалалық полиция департаменті тергеу амалдарына байланысты күдіктінің үстінен Қылмыстық кодекстің қай бабымен іс қозғалғаны айта алмады.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, оқиға 9 тамыз күні болған.
«№1 қалалық клиникалық аурухананың қабылдау бөлімінде науқастармен бірге келген азаматтар арасында жанжал болды. Жанжал кезінде азамат жабық бас-ми жарақатын алып, стационарға жатқызылды. Қазіргі таңда оның жағдайы тұрақты» деп жазды қалалық денсаулы сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Бұған дейін Шымкентте қоғамдық көлікте жанжал шығарып, жолаушыны ұрып-соғып, шашын жұлып, бетіне бірнеше рет түкірген жағдай болған. Осы оқиғаға кінәлі деп танылған адамның бас бостандығы шектелген.