Қожағапановтың адвокаттары бұрынғы вице-министрді ақтау қажет деп санайды

Ерлан Қожағапановтың адвокаттары бұрынғы вице-министрге шыққан үкімнің күшін жоюды сұрап отыр. Олардың сөзінше, Қожағапановқа шыққан үкім заңсыз.
Адвокат Шайхина сот үкімі мемлекеттік айыптау тарабы ұсынған айыптау актісінен айырмашылығы жоқ. Яғни, мәтін мазмұны өзгертілмеген.
«Үкімді оқыған кезде 5 айға созылған сот тергеуі болмағандай әсер қалдырады. Яғни, куәлардан жауап алынбағандай, тергеу органдары тартқан мамандардың қорытындылары зерттелмегендей, қорғау тарапы ұсынған мамандардың қорытындылары оқылмағандай, бүкіл материал зерттелмегендей әсер қалдырды. Сот үкімінде сот тергеуі барысында анықталған ешқандай дәлел көрсетілмеген. Мұндай әрекет қандай мақсатпен жасалды? Негізгі мақсат – айыптау актісін сол күйінде қайталап, айыптау үкімін шығару. Айыптауды толық жоққа шығаратын мән-жайлар еленбей қалды», – дейді Шайхина.
Бұған дейін прокурор Ақтөре Беріков бірінші сатыда тағайындалған жазаның аз екенін айтып, Қожағапановты үш жылдың орнына 7 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Сот отырысы 2025 жылдың 13 тамызында жалғасады.
Сот үкімі
2025 жылдың 19 мамырында Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Қанат Тобағалиұлы шығарған үкімге сәйкес, Ерлан Қожағапанов Қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ ол өмір бойы мемлекеттік қызмет атқара алмайды.
Қылмыстық істегі екінші сотталушы «SUCCESS K» стратегиялық коммуникациялар агенттігінің бас директоры Ләззат Көккөзова Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасына қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді.