Сот үкіміне шағым түсірген Қожағапанов жазасына тағы 4 жыл қосып алуы мүмкін

3 жылға сотталған бұрынғы мәдениет вице-министрі Ерлан Қожағапановқа қатысты іс апелляциялық сатыда қаралып жатыр. Сот отырысы барысында прокурор Ақтөре Беріков бірінші сатыда тағайындалған жазаның аз екенін айтып, Қожағапановты үш жылдың орнына 7 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
«Ерлан Қожағапанов пен Ләззат Көккөзоваға қатысты бірінші сатыдағы сот үкімін өзгертуді сұраймын. Қожағапановты 7 жылға бас бостандығынан айырып, мемлекеттік қызметті атқару құқығынан өмір бойына айыруды сұраймын», – деді прокурор Беріков.
Мемлекеттік айыптаушы бұрынғы вице-министрді Бауыржан Момышұлы атындағы екінші дәрежелі «Айбын» орденінен және «Құрмет» орденінен айыру бойынша Қазақстан президентіне ұсыныс енгізуді сұрады.
«Сотталған Қожағапанов пен Көккөзовадан материалдық шығын – 1 млрд 9 млн 917 мың 344 теңгені бірлесіп өндіріп алынсын (взыскать в солидарном порядке). Материалдық шығынды төлеу талабының орындалуын қамтамасыз ету үшін Қожағапановтың мүлкіне қойылған тыйымды күшінде қалдырылсын. Үкімнің басқа бөлігі өзгеріссіз қалдырылсын», – деді прокурор.
Сот үкімі
2025 жылдың 19 мамырында Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Қанат Тобағалиұлы шығарған үкімге сәйкес, Ерлан Қожағапанов Қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ ол өмір бойы мемлекеттік қызмет атқара алмайды.
Қылмыстық істегі екінші сотталушы «SUCCESS K» стратегиялық коммуникациялар агенттігінің бас директоры Ләззат Көккөзова Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасына қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді.