Берденовке жасалған қастандық «Тұрғын үй Шымкент» компаниясы қызметімен байланысты ма

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Берденовке жасалған қастандық «Тұрғын үй Шымкент» компаниясының қызметімен байланысты ма/Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасауға қатысты қылмыстық іс пен тұрғын үйлерге күрделі жөндеу жүргізетін «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС-і арасында байланыс ресми түрде расталған жоқ. Бұл туралы ҚазАқпарат агенттігіне қала әкімдігі хабарлаған.

Әлеуметтік желіде істегі күдікті, «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС-ның бұрынғы басшысы Ернар Жиембай мен Руслан Берденов арасындағы жанжалдың ықтимал себептері талқыланып жатыр. Журналист Ботагөз Омарова қастандық жасалған оқиғадан бірнеше күн бұрын өткен жиналыста күдіктіден үйлердің күрделі жөндеуіне бөлінген 3,4 млрд теңгенің қайда жұмсалғанын түсіндіруді талап еткенін жазып, қастандықты осы оқиғамен байланыстырған.

ҚазАқпарат порталына пікір білдірген қалалық әкімдік қылмыстық іс пен компания арасындағы байланыс расталмағанын жеткізген. Портал компанияға қатысты тағайындалған тексеріс жұмыстың сапасын бағалауға және бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуын растауға бағытталғанын жазғанымен, Руслан Берденов жауап алу кезінде Ернар Жиембаймен жұмыс бабында ешқандай келіспеушілік болмағанын айтқанын атап өткен. Оның сөзінше, ол тек тапсырманың орындалу барысы мен міндеттердің бөлінісі туралы сұраған. Хабарламада бұл сұрақтар қойылған сәтте тиісті тендер аяқталған, сондықтан бұл дауласуға себеп болмағаны айтылады.

Сондай-ақ ақпаратта әкімдік «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС-мен біржақты тәртіпте келісімшарттарды бұзу мәселесін қарастырмайтыны жазылған.

«Тұрғын үй Шымкент» ЖШС-ның құрылтайшысы – Шымкент қаласының әкімдігі.

6 тамызда басталған сот талқылауында күдікті Ернар Жиембай оқиғаға жұмыстың қатысы жоқ екенін хабарлап, бұған Берденовтің ар-намысына тиіп, «соттатамын» деп қысым көрсеткені сеп болғанын айтқан. Ол оқты Берденовті өлтіру үшін емес, қорқыту мақсатында атқанын мәлімдеген. Көп өтпей денсаулығына байланысты сот отырысына қатыса алмаған Берденов әлеуметтік желіде Жиембайдың бар жауабын теріске шығарған. Жиембай атқан аңшы мылтығының 60-тан аса қорғасын оғы бар екенін жазды.

Ернар Жиембайдың ісі сотқа Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» (99-баптың 1-бөлігі) бабы және «Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу» бабымен (24-баптың 3-бөлігі) түскен. Судья келесі сот отырысын 13 тамызға белгілеген.

Сондай-ақ оқыңыз