Алматыдағы Джей Ло концертіне ерікті ретінде кәмелетке толмағандарды тартқан

Алматыда өткен Дженнифер Лопестің концертіне кәмелетке толмағандарды волонтер ретінде тартқаны туралы фактіге қатысты ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Закиева пікір білдірді.
Ол барлық мән-жайды зерттеп, тиісті шара қабылдау үшін Бала құқықтарын қорғау комитеті мен уәкілетті органдарға өтініш жолдағанын жазды.
Әлеуметтік желідегі ақпараттардан әлемдік әртістің концертіне кәмелетке толмаған волонтерлерді тартып, олар адамдардың жиналуын бақылап, көрермендерге бағыт-бағдар беруге көмектескені белгілі болған.
Волонтер ретінде тартылған Құралай есімді жасөспірім волонтерлер арасында кәмелетке толмағандар көп болғанын айтқан. Құралайдың сөзінше, өздеріне жасалған жағдай сын көтермейді. Олар концерт өткен стадионда таңғы 11-ден түнгі 23:00-ге дейін жұмыс істеген. Тамақ пен суды жұмыс басталғаннан төрт сағаттан кейін береміз деп уәде еткен, шын мәнінде олай болмай шыққан.
«Бізге ультиматум қойып, кіреберіс арқылы барлық адамды кіргізбейінше, тамақтанбайтынымызды айтты, себебі бізді ауыстыратын ешкім жоқ екен. Сөйтіп, біздің сектор тек кешкі 9-да, яғни жұмыс басталғаннан 10 сағат өткен соң тамақтана алды. Күні бойы бізге тек бір рет су берді, оның өзін әркімге жеке бөтелке емес, 4-5 адамға ортақ бір бөтелке берді», – деді волонтер.
Оның айтуынша, концерттен кейін оларды стадион аумағын жинауға міндеттеген, ал қайтуға көлік қарастырмаған. Сағат түнгі 23:00 болып кеткендіктен, полицейлердің көзіне түсіп қалмауды ескерткен.
Бұған дейін, Дженнифер Лопес концертіне жалған билет сатқан күдікті қамауға алынған болатын