Жаңалықтар

Электрокар дәуірі автоөнеркәсіп отаны – Германиядағы ахуалдың өзін тез өзгертіп жатыр

Электрокар дәуірі автоөнеркәсіп отаны - Германиядағы ахуалдың өзін тез өзгертіп жатыр
Электрокар дәуірі автоөнеркәсіп отаны – Германиядағы ахуалдың өзін тез өзгертіп жатыр/Фото: shutterstock

Германияда жаңа тіркелген автокөліктердің 29 пайызы электромобиль. Биылғы бірінші тоқсанда ай сайын орта есеппен 82 мың таза электр көлігі сатылып, жалпы құны 3,4 миллиард еуроға жеткен. Мұндай деректі KfW Research зерттеушілері ұсынған.

Экспорт құны импорт құнынан бес есе асып кеткен.

KfW Energy Transition Barometer деректеріне сәйкес, сұралған үй шаруашылықтарының шамамен жартысы (49 пайыз) электр көлігін пайдалануға дайын екенін білдірген. Олардың 10 пайызы қазірдің өзінде электрлі көлік иесі.

Елде тұтынушылардың электр көліктеріне деген көзқарасы қатты өзгергені атап өтілген. Таңдау жасауда ойландыратын негізгі фактор әлі де баға болып отыр. Оның үлесі 59 пайыз шамасында. Ал зарядтау инфрақұрылымына қатысты алаңдаушылық бес жыл бұрынғы 72 пайыздан 51 пайызға дейін азайған. Жүріс қашықтығына қатысты алаңдаушылық та 54 пайыздан 44 пайызға дейін төмендеген. Ал зарядтау уақытына қатысты мәселені кедергі деп санайтындар саны бұрынғы 50 пайыздан 30 пайызға дейін қысқарған.

2020 жылы үй шаруашылықтарының басым бөлігі электр көліктерінің экологиялық тиімділігіне күмән келтірген болса, 2025 жылы бұл үлес 34 пайызға дейін азайған. Мұндай төмендеу электр көліктерінің қоршаған ортаға әсерінің жақсаруымен сәйкес келеді, өйткені олар барған сайын жаңартылатын энергия көзінен қуатталуда. Нақтырақ айтқанда, зарядтың 36 пайызы дербес өндірілген жасыл электр энергиясынан алынып отыр. Бұл рекордтық көрсеткіш. Тағы 44 пайызы – сыртқы жеткізушілерден сатып алынған жасыл электр энергиясы.

Бұған дейін, 2030 жылдан бастап Еуроодақ аумағында автокөлік жалдау компанияларына бензин мен дизельмен жүретін көліктерді сатып алуға тыйым салынуы мүмкін екенін хабарлағанбыз.