Магистратура гранты конкурсына құжат қабылдау басталды

Ғылым және жоғары білім министрлігі магистратураға білім гранттарын тағайындау конкурсына қатысуға құжат қабылдау басталғанын хабарлады.
Құжат 18 тамызға дейін жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары, оның ішінде виртуалды қабылдау комиссиялары арқылы қабылданады.
Магистратураға түсу үшін 49 мыңға жуық адам емтихан тапсырған. Ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша түсушілердің 50%-ы, бейінді бағыт бойынша 21%-ы шекті балл жинаған. Олар грант конкурсына қатыса алады.
Магистратурада оқуға арналған білім беру гранттары кешенді тестілеу нәтижелері бойынша конкурстық негізде тағайындалады.
Конкурсқа қатысу үшін төмендегідей құжаттарды тапсыру қажет:
- жеке куәлік көшірмесі;
- жоғары білімі туралы құжат (диплом және қосымшасы);
- КТ сертификаты және шет тілін меңгергендігін растайтын халықаралық сертификат (бар болған жағдайда).
Құжаттарды тапсыру кезінде оқуға түсуші білім беру бағдарламаларының бір тобын және үш жоғары оқу орнын көрсете алады.
Биылға магистратураға 13 мың грант бөлінген.
Магистратураға білім беру гранты иегерлерінің тізімі 25 тамызға дейін ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Ұлттық тестілеу орталығының ресми сайтында және әлеуметтік желілерінде жарияланады.
Болашақ магистранттардың оқуға қабылдануы 28 тамызға дейін аяқталады.
Бұған дейін, мемлекеттік грант иегерлері оқуды тәмәмдағаннан кейін грантты жұмыспен қалай өтейтіні туралы жазғанбыз.