Жаңалықтар

Қазақстанда HOWO жүк көліктері шығарылатын болады

Қазақстанда HOWO жүк көліктері шығарылатын болады
Қазақстанда HOWO жүк көліктері шығарылатын болады/Фото: shutterstock

Елде коммерциялық және арнайы техника өндіретін бірлескен кәсіпорын құрылды. Кәсіпорын Sinotruk компаниясының Қазақстандағы Saran Machinery компаниясына қосылуы арқылы пайда болды.

Жоба Үкімет мен Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен өнеркәсіптік ынтымақтастықты дамыту аясында жүзеге асырылған. Жаңа зауыт елдегі коммерциялық техника өндірісін дамытудың маңызды орталығы болады деп күтіліп отыр.

Бірлескен кәсіпорын Саран қаласындағы «Saran Machinery» ЖШС базасында орналасқан. Өндірістің жылдық қуаты 10 000 дана техниканы, оның ішінде HOWO маркалы жүк көліктерін шығаруды қамтиды.

Жаңа зауыт Қазақстандағы металлды катафорездік өңдеудің алғашқы желісімен жабдықталған. Бұл қондырғы шанақты коррозиядан жоғары деңгейде қорғап, техниканың пайдалану мерзімін едәуір ұзартады.

Sinotruk бұған дейін Қазақстандағы жергілікті серіктестермен бірге бірлескен өндіріс жүргізіп, ынтымақтастықтың негізін қалаған болатын.

Жаңа кәсіпорын өндіріс қуатын арттырып, жұмыс орындарын көбейтіп, локализацияны жоғарылатуды көздейді. Жоба толық қуатқа шыққан соң 1 000 адамға дейін жұмыс орнын құру көзделіп отыр.

2025–2026 жылдары Қазақстан Республикасы Өнеркәсіпті дамыту қорының қолдауымен технологиялық жабдықтар кезең-кезеңімен жеткізіледі. 2025 жылғы қазанда шасси мен кабиналарды жинауға арналған жабдықтар, ал 2026 жылдың екінші тоқсанында бояу және дәнекерлеу жабдықтары келеді деп жоспарланған.

Бұған дейін, елде гипоаллергенді сүт шығарыла бастайтынын жазғанбыз.