Тоқаев Қазақстанға қандай жастар керек екенін айтты

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Тоқаев Қазақстанға қандай жастар керек екенін айтты
Тоқаев Қазақстанға қандай жастар керек екенін айтты/Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Президент Қ.Тоқаев Халықаралық жастар күніне арналған Jastar Fest форумына қатысушыларға үндеу жолдады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Президент қазақ халқы қашанда талапты жастарды қолдап, «ақыл – жастан» деп, оларға зор сенім артқанын атап өтті.

«Сіздер барлық салада белсенді түрде еңбек етіп жатсыздар. Волонтер ретінде мұқтаж жандарға көмек беріп жүрсіздер. Маңызды бастамаларға, экологиялық іс-шараларға атсалысып, қолдау көрсетіп келесіздер. Спорт, білім сайыстарында топ жарып, елдің абыройын көтеріп жүрсіздер. Осылайша, Әділетті, Таза әрі Қуатты Қазақстанды құруға нақты үлес қосып жатсыздар. Мен баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін!», – деді ол.

Үндеуде мемлекет өскелең ұрпаққа тиісті жағдай жасайтыны атап өтілген. Президенттің айтуынша, Қазақстанда білім алу және еңбекпен қамту мүмкіндіктерін кеңейтуге, таланттарды шыңдауға, жеңілдікпен баспана сатып алуға, сондай-ақ жастар кәсіпкерлігін қолдауға бағытталған көптеген бағдарлама әзірленіп, іске қосылуда.

«Бұл игіліктерді 600 мыңнан аса жас көріп отыр. Сондай-ақ олар арнаулы квота арқылы Мәжіліс пен мәслихат қызметіне белсенді атсалысуға мүмкіндік алды. Президенттік жастар кадр резерві мүшелері де іскерлік қырымен танылып, жоғары лауазымдарға тағайындалып жатыр. Ауыл мен аудан әкімдерін тікелей сайлау тәсілі көптеген жастың жергілікті атқарушы билік жүйесіне қызметке келуіне жол ашты. Дүние жүзінде жастарға арналған осындай мазмұнды бағдарламалар көп емес. Мемлекетіміз стратегиялық маңызы бар бұл саясатты міндетті түрде жалғастырады», – деді Қ.Тоқаев.

Президент сөзінің соңында жауапкершіліктен қашпайтын, аянбай еңбек ететін әрі өзін ұдайы жетілдіріп отыратын жаңашыл жастар қажеттігіне назар аударған.

Бұған дейін, Президент халықаралық пән олимпиадаларының жеңімпаздары және жүлдегерлерімен кездескенін хабарлағанбыз.

Сондай-ақ оқыңыз