Қоғам

Демография: бала туу деңгейі құлдырап келеді

бала туу
Бала туу деңгейі құлдырап келеді/Фото: shutterstock.com

Аймақтық өлшем – оңтүстік өңірлердің рөлі

Қазақстан халқының шамамен жартысы оңтүстік өңірлерде – Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарында және Шымкент қаласында шоғырланған. Бұл аймақтар дәстүрлі түрде жоғары туу деңгейімен ерекшеленіп келген. Дегенмен соңғы жылдары урбанизация, экономикалық факторлар және жастардың ірі қалаларға, әсіресе Алматы мен Астанаға қоныс аударуы оңтүстіктегі демографиялық динамикаға да әсер етуде.

Инфографика 01: Халықтың жартысы-оңтүстікте

Қызығы – ел халқының 50,6%-ы оңтүстік өңірлерде шоғырланған. Бұл тек географиялық бөлініс емес, әлеуметтік-экономикалық салмақтың да орталығы оңтүстікке қарай ауысып жатқанын көрсетеді. Ал солтүстік пен батыс өңірлерінің демографиялық үлесі азайып келеді.

Демек, Қазақстанның демографиялық картасы – тек халық санының кестесі емес. Бұл – елдің даму бағытын, көші-қон толқындарын, экономикалық және мәдени орталықтардың қайда қалыптасып жатқанын айқындайтын тірі құжат.

Оңтүстіктің халық саны артық болуы бір жағынан еңбек ресурстарының молдығын білдірсе, екінші жағынан жұмыс орындары мен әлеуметтік инфрақұрылымға түсетін жүктемені арттырады. Егер туу көрсеткішінің төмендеуі оңтүстік өңірлерде де белең алса, бұл елдің жалпы табиғи өсімін одан әрі бәсеңдетеді.

Инфографика 02: Туу көрсеткішінің серпіні

Туу деңгейінің құлдырауы

2021 жылдың қаңтар-маусым айларында 216 мыңнан астам сәби дүниеге келсе, 2025 жылдың дәл осы кезеңінде бұл көрсеткіш небәрі 161,2 мың болды. Яғни төрт жыл ішінде туу деңгейі шамамен 25%-ға төмендеген. 2022 жылы аздаған өсу байқалғанымен (198,1 мың), кейіннен көрсеткіш жыл сайын кеміді: 2023 жылы – 189,5 мың, 2024 жылы – 184,6 мың.

Мұндай төмендеудің себептері көпқырлы:

1. Экономикалық факторлар
Жастардың басым бөлігі материалдық жағдайын тұрақтандырмайынша, бала сүюге асықпайды. Пәтер бағасының өсуі, ипотекалық ауыртпалық, жалдамалы баспана құнының қымбаттауы отбасын құру мен бала тууға тежеу болып отыр. Сонымен қатар Covid-19 кезіндегі «Baby boom» -нан кейінгі  құлдырауы да бар.

2. Әлеуметтік-мәдени өзгерістер
Қалаларда «аз бала – сапалы өмір» қағидасы кең тарауда. Бұл тренд, әсіресе жоғары білімді, мансапқа ұмтылатын жастар арасында күшті. Классикалық көпбалалы отбасы моделі ауылда да сирей бастады.

3. Некеге тұрудың азаюы және кешігуі
Соңғы бес жылда некеге тұру жасы орта есеппен 2–3 жылға артқан. Кейбір жұптар мүлде некелеспей, азаматтық некеде өмір сүріп, бала тууға асықпайды.

4. Эмиграция
Әсіресе, еңбекке қабілетті жастардың шетелге көшуі бала туу көрсеткішіне тікелей әсер етеді.

5. Денсаулық және репродуктивті мәселелер
Қоршаған орта, өмір сүру салты, медициналық қолжетімділік деңгейі – бәрі де туу қабілетіне ықпал етеді.

Бұл құлдыраудың салдары:

  • Табиғи өсім баяулайды – халық санының артуы негізінен көші-қон есебінен ғана болуы мүмкін.
  • Еңбек нарығында қысым – жас буын азайған сайын, жұмыс күшінің тапшылығы сезіледі.
  • Қариялар үлесі артады – зейнеткерлер саны артып, әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне салмақ түседі.
  • Аймақтық теңсіздік ұлғаяды – туу деңгейі жоғары оңтүстік өңірлер мен төмен солтүстік аймақтар арасындағы айырмашылық тереңдейді.
Инфографика 03: Ажырасу артып келеді

Ажырасу санының өсуі

Екінші кестедегі мәліметтер де оңтайлы емес. 2021 жылы қаңтар-маусым аралығында 12,7 мың ажырасу тіркелсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 21,5 мыңға жеткен – шамамен 70%-ға өсім. Неке саны да бірқалыпты емес: 2021 жылы 64,9 мың болса, 2025 жылы 51,3 мыңға азайған.

Бұл – отбасы институтындағы әлсіреу белгісі. Ажырасу өсімінің ықтимал себептері:

  • Әлеуметтік қысым мен экономикалық қиындықтар – материалдық жетіспеушілік пен тұрақсыздық отбасы қарым-қатынасына әсер етеді.
  • Миграция және жұмыс кестесінің өзгеруі – ерлі-зайыптылардың бөлек өмір сүруі мен уақыт тапшылығы жанұяны әлсіретеді.
  • Құндылықтардың трансформациясы – қазіргі қоғамда жеке тұлғалық даму мен тәуелсіздікке басымдық беру кең таралуда.

Қорытынды

Туу деңгейінің төмендеуі мен ажырасудың артуы – Қазақстан үшін ұзақ мерзімді демографиялық және әлеуметтік қатер. Бұл үрдістер тек халық санына ғана емес, экономикалық өсімге, еңбек нарығына және ұлттық қауіпсіздікке де әсер етеді. Оңтүстік өңірлердегі халық тығыздығы – елдің демографиялық теңгерімін сақтаудағы басты факторлардың бірі.

Егер мемлекет отбасы институтын қолдауға, тұрғын үй және жұмыспен қамту мәселелерін шешуге, жастарға әлеуметтік қолдау тетіктерін күшейтуге бағытталған жүйелі саясат жүргізбесе, демографиялық құлдырау тереңдей түсуі мүмкін.