
Қазақстандық суретші Әсел Сабыржанқызы америкалық әлемдік жұлдыз Дженнифер Лопеске ерекше сый жасады. Суретші әншінің портретін кілем үстінде салып, Алматының көрікті орындары мен тауларын бейнелеген.
Кескіндеменің көлемі — 170х120 см. Суретші портретке ең әсерлі фотосуретті таңдап алып, оған ұлттық нақыш қосуды мақсат еткен. Артқы фонда Алматының басты нышандары мен таулары бейнеленген.
Әсел Сабыржанқызының айтуынша, кілем — ұлттық өнердің символдық мәнін жеткізетін ерекше материал.
«Символизм мен өткенмен байланыс кілемді ұлттық өнер үшін мінсіз материал етеді. Сол себепті мен портретті дәл осы материалға салуды жөн көрдім. Бұл — Қазақстаннан есте қаларлық сыйлық болсын деп ойладым», — дейді суретші.
Суретші портретті табыстау сәтінің видеосын да көпшілікпен бөліспек. Алайда іс-шараға телефон әкелуге тыйым салынғандықтан, ұйымдастырушылар жіберетін материалды күтіп отыр.
Айта кетейік, әлеуметтік желіде assolyaa атымен танымал Әсел бұған дейін Ресей басшысы Владимир Путинге, Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайберген де кілем үстінде салған портреттерін сыйға тартқан еді.