СҚО-да демалыста жүрген полицей суға батып бара жатқан екі адамды құтқарды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Полицей суға батып бара жатқан екі адамды құтқарды / фото: polisia.kz

Солтүстік Қазақстан облысында еңбек демалысында жүрген полиция қызметкері батыл әрекет жасап, екі адамның өмірін сақтап қалды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.

Оқиға Новоишимское ауылындағы жағажайда болған. Ғ. Мүсірепов атындағы аудандық полиция бөлімінде орналасқан СҚО ПД арнайы және жұмылдыру даярлығы басқармасының аға инспекторы Ерлан Қазиев демалып жүрген сәтте жағажайдан көмек сұраған дауысты естіген.

Су ішінде әкесі мен баласы батып бара жатқан. Ерлан бірден суға секіріп, алдымен мектеп жасындағы баланы жағаға алып шыққан. Кейін орта жастағы ер адамның да жағаға жетуіне көмектескен.

Бұл ерлік жайлы көпшілік тек кездейсоқ әңгімеден білген, себебі Ерлан Қазиев өзі бұл оқиға жайлы тіс жармаған.

Ерлан Қазиев қызмет ететін арнайы және жұмылдыру даярлығы басқармасы полиция қызметкерлерін саптық және атыс даярлығына, дағдарыс жағдайларында – оның ішінде дәл осындай төтенше сәттерде – дұрыс әрекет етуге үйретеді.

Сондай-ақ оқыңыз