«Слован» – «Қайрат» ойынының тікелей трансляциясы

Бүгін 12 тамыз күні, сағат 23:15-те алматылық «Қайрат» сырт алаңда Словакияның «Слован» командасына қарсы ойнайды. Бұл кездесу Чемпиондар Лигасының үшінші іріктеу кезеңіндегі жауап матчы болмақ.
Словокияның астанасы Братиславада өтетін ойынды тікелей эфирден Qazsport телеарнасынан тамашалауға болады.
Еске салайық, алғашқы ойын 6 тамыз күні Алматыда өткен болатын. «Қайрат» өз алаңында 1:0 есебімен жеңіске жетті. Жеңіс голын 90-минутта Дастан Сәтбаев пенальтиден соқты. Бұл нәтиже қазақстандық клубқа жауап ойында бір голдық артықшылықпен шығуға мүмкіндік беріп отыр.
Егер «Қайрат» «Слованнан» өте алса, плей-офф кезеңінде Шотландияның «Селтик» клубымен кездеседі. Бұған дейін алматылықтар турнир барысында Словенияның «Олимпиясын» (3:1) және Финляндияның КуПС клубын (3:2) жеңген еді.
Айта кетейік, сонымен қатар бүгін «Қайраттың» шабуылшысы Дастан Сәтбаев 17 жасқа толып отыр. Жанкүйерлер «Қайрат» клубы жас дарынның туған күнінде жеңіске жетіп, жақсы тосын сый жасайды деген үмітте.