Банк пен қаржы

1,4 трлн теңгенің қызметін мемлекет 2 трлн теңге етіп қайтарып берген

Фото: shutterstock

Жоғары аудиторлық палата мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктегі (МЖӘ) жобалардың тиімділігіне тексеру жүргізді. Аудит жеке серіктестер салған инвестицияға қарағанда мемлекеттік міндеттемелері әлдеқайда көбірек екенін анықтады деп хабарлайды ұйымның баспасөз қызметі.

Палатаның дерегінше, осы уақытқа дейін жеке сектор 1,4 трлн теңге салғанмен мемлекет оны 2 трлн теңге етіп қайтаруы керек.

«ЖАП мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) және концессиялық жобалардың тиімділігіне мемлекеттік аудит жүргізді. Нәтижесінде, бұл жобалар бойынша мемлекеттік міндеттемелердің көлемі жеке серіктестердің міндеттемелерінен айтарлықтай жоғары екені анықталды. Бұл жекелеген жобалардың құнының жоғары болуымен, сондай-ақ валюталық тәуекелдерді өтеу, несиелерді инвестиция құрамына енгізу сияқты қолдау тетіктерімен байланысты. Жобалардың күрт қымбаттауына жол бермеу және бюджетке түсетін жүктемені азайту мақсатында, ЖАП үкіметке концессиялық жобаларды іске асыратын жеке серіктестердің валюталық тәуекелдерін өтеу тәсілдерін қайта қарауды ұсынды», – деп жазылған хабарламада.

Ведомствоның атап өтуінше, қазір «Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы» заңға өзгерістер енгізілді. Енді әрбір келісімшартқа валюталық тәуекелдерді өзара бөлісу, оларды қайтару мәселелері жазылатын болды.

Одан бөлек аудиторлық палата Ұлттық экономика министрлігіне мемлекеттік-жекменшік әріптестіктегі нысандарды салу немесе оларды жаңалау кезінде құнын есептеу әдісін өзгертуді тапсырды. Сондай-ақ министрлік жеке әріптестердің шығынын қайтару, мемлекеттік қолдау көрсетуге қатысты тұстарды да қайта қарауы қажет.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктегі жобалар бойынша артық төлемнің тым көп екені жайлы мәселе бұған дейін Сенатта көтерілген.

«Бүгінде МЖӘ жобалары бойынша артық төлем 40%-ды құрайды. Оның бәрі жиналып, бюджетке әсерін тигізеді. Қазір мемлекеттің МЖӘ жобалары алдындағы міндеттемесі 2 трлн теңгеден асады. Әрине, салу керек, бірақ ол артық төлей бер деген сөз емес. Механизм дұрыс жетілдірілмегендіктен, кейбір тұсы дұрыс нақтыланбағандықтан мемлекет көптеген жобаларға артық қаражат төлеп жатқаны байқалады», – деген еді Сенат спикері Мәулен Әшімбаев.

2025 жылдың мамырындағы дерек бойынша, МЖӘ аясында 1109 жоба жұмыс істейді, олардың жалпы құны – 2,6 трлн теңге. Жобалардың басым бөлігі білім беру, денсаулық сақтау, энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және спорт салаларында жүзеге асырылады.