
АҚШ президенті Дональд Трамп Қытаймен арадағы «тариф келісімін» тағы 90 күнге ұзартты. Ол сәйкес құжатқа қол қойды деп жазады Euronews. Бұл құжат күшіне енбесе, қытайлық импортқа салынатын баж салығы 145%-ға дейін көбейетін еді.
Америкалық БАҚ-тың жазуынша, Ақ үйдегі шенеуніктер 90 күн ішінде нақты сауда келісіміне қол қойылуы мүмкін деген болжам айтады. Оған дейін үш айда Бейжің мен Вашингтон сауда-саттық саласындағы өзара ұстанымдарын айқындап алу үшін келіссөздер жүргізуі керек.
АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы осы жылы көктемде басталды. Трамп Америкаға тауар импорттайтын елдер үшін жаппай баж салығын көтере бастады. Ең үлкен жүктеме Бейжіңге түсті. Қытайлық тауарлар үшін тариф 245%-ға дейін көтерілді. Олар жауап ретінде америкалық тауарларға салынатын салықты 125%-ға дейін көтеріп жіберді.
Бірақ мамырда екі тарап ойын өзгертіп, келіссөздер туралы әңгіме айтыла бастады. 11 маусымда Трамп АҚШ пен Қытай сауда мен салыққа қатысты ортақ келісімге келгенін айтты. Ал 27 маусымда Ақ үйдегі шарада құжатқа қол қойғаны туралы хабарлады.
Нақты айтқанда, АҚШ қытай тауарына баж салығын 145%-дан 55%-ға дейін түсіреді. Ал Қытай америкалық тауарға салынатын баж салығын 125%-дан 10%-ға дейін азайтады. Бірақ бұл келісімнің күші тек 90 күнге дейін ғана сақталады, яғни уақытша. Әзірге екі тарап толыққанды, нақты мәмілеге келген жоқ.