
Bereke Bank 2025 жылдың алғашқы алты айында 25,8 млрд теңге тауып, жарты жылда пайдасын 56%-ға арттырды. Былтыр дәл осы кезеңде банк 16,5 млрд теңге пайда тапқан еді. Бұл жайлы қаржы ұйымы жариялаған есепте жазылған.
Жарты жылда банктің жалпы активі 6,7%-ға өсіп, 2,6 трлн теңгеге жетті.
- Кредиттік ұйымдағы қаржы – 1,4 трлн теңге
- Кредит пен клиенттерге аванс – 1,41 трлн теңге
- Инвестициялық құнды қағаздар – 289 млрд теңге
Банктің капиталы 198 млрд теңгені құрады. Былтырғы есептік кезеңде 182 млрд теңге болған еді. Бір жыл ішінде 8,5%-ға артқан.
Бірақ міндеттемелері де өсе түсті. 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында 6,5%-ға өсіп, 2,4 трлн теңгені құрады. Оның негізгі бөлігін кредиттік ұйымдардан алған қаржы (92 млрд теңге), корпоративтік клиенттер қаражаты (935 млрд теңге) және жеке тұлғалардың қаржысы (776 млрд теңге) құрайды. Ипотекалық ұйым алдындағы қаражаты 248 млрд теңге, ал қарызға берілген құнды қағаздар 319 млрд-қа тең.
Банктің акционерлерге таратылмаған, қаржы ұйымының өзінде қалдырылған түсімі 129 млрд теңгені құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 24,9%-ға көп (103 млрд теңге).
Bereke Bank қатарлық Lesha Bank сатып алғаннан кейін табысын арттырып жатыр. Осы жылы үш айдың ішінде-ақ жалпы табысын 29 есе көбейткен еді.
Бұған дейін қаржы ұйымы «Бәйтерек» холдингіне тиесілі болды. Былтыр күзде банкті Lesha Bank 65 млрд теңгеге сатып алды. 2025 жылдың 31 наурызындағы жағдай бойынша, банк жалғыз акционері – дәл осы компания.