Мемлекеттік мекемелер ұлттық Aitu мессенджеріне өтеді, ол қандай қосымша?

Енді мемлекеттік органдар толығымен Aitu мессенджеріне көшеді. Бұл жайлы үкіметтің баспасөз қызметінен хабарлады.
«Мемлекеттік қызметтер саласында Aitu-ды ұлттық мессенджер ретінде бекіту жұмыстары жүргізілуде. Мемлекеттік органдар Аitu-ға көшіріліп, экожүйенің негізгі қатысушылары бірыңғай цифрлық ортаға біріктіріледі. Бұл тәсіл заманауи, қауіпсіз әрі ыңғайлы цифрлық ортаны қалыптастыруға мүмкіндік береді, онда мемлекеттік қызметтер әрбір азаматқа «батырманы бір рет басу» арқылы қолжетімді болады», – деп жазылған үкімет сайтында.
11 тамызда Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен жасанды интеллектіні дамыту мәселесіне арналған кеңес өткізген. Сол жиында коммуникацияны қамтамасыз ету үшін жеке деректерді қолданатын барлық байланысты отандық Aitu мессенджеріне көшіру жайлы тапсырма берген еді.
Aitu қосымшасын қазақстандық Kazdream Technologies IT-холдингі әзірлеген, ол BTS Digital цифрлық экожүйесінің құрамына кіреді.
Aitu-ды құрастырушылар қазақстандық суперқосымша әрі мессенджер ретінде таныстырады. Оны мессенджер ретінде де, бизнес үшін қажетті қосымша ретінде де пайдалануға болады. Жасанды интеллект негізіндегі көмекшілер енгізілген.